Атыраудағы УГ-157/11 түзеу мекемесінде балық өңдеу цехы жұмыс істей бастады. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Аталған цехта әзірге 10 жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды. Жазасын өтеушілер қара балықтарды өңдеп, күніне 1000 дана балық құтысын шығарумен айналысады. Дайын өнімдер еліміздегі түзеу мекемелеріне жөнелтіледі. Жақын арада өндірісті кеңейту арқылы жұмысшылар санын 30-ға дейін көбейту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта аталған мекемеде 230 сотталған әйел жазасын өтеуде, олардың 80-і ақылы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде «Еңбек-Атырау» РМК-ның төсек жабдықтарын тігу және шығару тігін цехында – 35, нан өнімдерін шығаратын шағын цехта –5, ішкі жөндеу жұмыстарында келісім-шартпен 19 сотталған адам жұмысқа тартылған. Сондай-ақ, осы мекеменің аумағында 2013 жылдан бері «Эр-Три» ЖШС тігін цехын ашып, 21 сотталушы жұмыспен қамтылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Атырау облысы.
Дереккөз: Облыстық прокуратура.
Фото: www. Forumtyurem.net.