• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Сәуір, 2022

Рудныйда колледж асханасының үш қызметкерінен стафилококк анықталды

309 рет
көрсетілді

Рудныйдағы колледж асханасының үш қызметкерінен патогенді алтын стафилококк анықталды. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетейік, Қостанай облысында биылғы жылдың 20-21 сәуір аралығында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің» КМК студенттері тамақтан уланған болатын. Жұқпалы аурулар бөліміне барлығы 14 адам жатқызылды. Аталған факт бойынша департамент пен аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қозғалған қылмыстық іс аясында кәсіпкерлік субъектісі жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастарда жүрек айнуы, құсу, сұйық нәжіс түріндегі белгілер болған, олар колледж асханасында тамақтанумен байланысты екені анықталды. Бүгінгі таңда барлық студенттер қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды, дайын өнімнің барлық үлгілері микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларында патогенді алтын стафилококк анықталды. Инфекцияның көзі қоғамдық тамақтандыру қызметкерлері болуы мүмкін.

Тексеру барысында тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, сақтау шарттары мен пісіру технологиясын бұзу сынды санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды.  

«Мамандар вирус ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», делінген хабарламада.