Қазіргі уақытта Қазақстан Еуразиялық Одақтың табалдырығынан аттап, соған кіру алдында тұр. Яғни бұл – Кеден одағы қазіргіден гөрі басқа, неғұрлым сапалырақ сатыға ауысады деген сөз. Қоғамда осынау мәселе белсенді талқыланып жатыр. Соның ішінде біз жеке отырып та айтарлықтай табыстарға жеттік, енді бұрынғы Одақтың аясына қайтып оралып, өзімізге тиесілі құзырлы өкілеттіктерімізді біреулермен қайтадан бөлісеміз бе деген қауіп те жоқ емес. Мұндай үрейленулердің, тіпті, кейбіреулердің байбалам салуының негізі жоқ деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда әлемде 300-ден астам өңірлік одақтар өмір сүріп отыр. Солардың ішінде экономикалық, кедендік, ерікті экономикалық аймақтар да жетерлік. Мұның өзі Бүкіләлемдік сауда ұйымымен қатар өңірлік бірлестіктер де белсенді дамып отырғандығын айғақтайды. Өйткені, уақыт өткен сайын бәсекелестік те өсе түсуде. Демек, нақ осы жағдайда кез келген оңтайлы жолды іздеу ешкімге айып саналмайды. Бәсекелестіктің табиғи артықшылықтарының бірі саналатын географиялық жақындықты, экономикаларының бейімді жанасуын және көптеген басқа факторларды жұрттың бәрі орайымен пайдаланады. Америка, Канада мен Мексиканың басын қосқан НАФТА сияқты өңірлік одақтың табыстылығы осыған жарқын мысал бола алады.
Ал Кеден одағы және Бірыңғай еуразиялық экономикалық одақты алар болсақ, мұнда әлемдік базарға ешкім есігін тарс бекітіп жаппайды. Кеден одағы елдерінің біздің экономикамыздағы үлесі 18,4 пайызды құрайды. Сондықтан Қазақстанның Еуразиялық Одаққа кіруі оның басқа елдермен ынтымақтасуына бөгет болмақ емес.
Сонымен қатар, кейбір оппоненттер Ресеймен және Беларусьпен саудадағы кері сальдо, кейбір сәйкессіздіктер жайында айтады. Әлбетте, бұл анығында да солай. Бірақ, жалпы алғанда, Кеден одағы шеңберінде Қазақстанның сыртқы саудасы 40-тан 50 млрд. долларға дейінгі оң сальдоға ие екендігін қайда қоямыз?! Біз Ресейде жоқ, олар зәру болып отырған өз тауарларымызды сатамыз. Өз тарапынан олар да сөйтеді. Қазақстан қазіргі жағдайда интеграциясыз, көршілердің кеңістігіне кірікпей өмір сүре алмайды. Интеграция – біздің құт-берекеміз. Біздің елімізге интеграция игіліктері ауадай қажет. Осы ақиқатты әрқайсымыз дұрыс түсінуіміз керек.
Рахман АЛШАНОВ,
«Тұран» университетінің ректоры,
Қазақстан Жоғары оқу орындары
қауымдастығының төрағасы,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты.
АЛМАТЫ.