• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2014

Мақсат – бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру

591 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған кезекті брифинг 18 сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына арналды. Оған Қазақстан Президенті жанындағы Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің құрметті төрағасы Дүниядар Абдуллаев, аталған облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстың ғылыми-сарапшылық тобы төрағасының орынбасары Парида Мамедова, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық жетекшісі Ғайса Қапақов және «Батыс Қазақстан облысындағы корей этномәдени бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Максим Пак қатысты. «18 сәуір күні ҚХА-ның XXI сессиясы өтетін болады. Оның қарсаңында маңызды кездесулер ұйымдастырылуда. Олардың барлығының басын біріктіретін негізі мақсат – бейбітшілік мәдениетін және келісім мәдениетін қалыптастыру. Сондықтан, бұл сессияда Қазақстанның «Біртұтас мемлекет», «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» сынды ұстанымдары қарастырылады», деді кездесуді ашқан Қазақстан Президенті жанындағы Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова. Брифингте сөз алған Жамбыл облысындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің құрметті төрағасы Дүниядар Абдуллаев ҚХА-ның қоғамдағы орны туралы әңгімеледі. «Ұлтаралық проблеманың пайда болуын атом бомбасының жарылысымен теңеуге болады, яғни ол қоғамды ақырындап әрі ұзақ жаралайды. Еш жерде де ұлтаралық қарама-қайшылық тез шешілмейді. Ал біз ұлтаралық келісімді сақтай алдық. Қазақстандағы осы келісім мәңгі болуы үшін біз Президенттің бас­тамасымен орасан зор жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл – біздің жетістігіміз әрі мақтанышымыз. Яғни, 1995 жылы құрылған Қа­зақстан халқы Ассамблеясы елі­міздің барлық этностарын бір шаңырақ астына шоғырландырып, оларды келісім мен татулық жолында біріктірді», деді ол сөзінде. Оның айтуынша, қазіргі таңда Жамбыл облысында 87 этнос өкілі қоныстанған. Облыстық Ассам­блеяның негізінде 24 облыс­тық және 47 аудандық этномә­дени бірлестіктің жұмысы жол­ға қойылған. Бұған қоса, облысқ­а қарасты аудандарда қоғам­дық келісім кеңестері де бой кө­те­ріп, оларға Қазақстан халқы Ассам­блеясының 2020 жылға дейінгі ке­зеңге арналған тұжырымдамасын аудан деңгейінде жүзеге асыру жүктелген. Облыстық Ассам­блея жанынан құрылған Аналар кеңесі де өз қызметін белсенді атқарып келеді екен. Дүниядар Аб­дул­лаевтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының бас­ты міндеті – Қазақстандағы бей­біт­шілік пен келісімді сақтау. «Міне, облыстық Ассамблея Аналар кеңесін осы мақсатта құрып отыр. Әрбір адам үшін кімнің сөзі маңызды? Әрине, анасының. Яғни, өзін құрметтейтін кез келген азамат анасының айтқандарын тыңдайды. Демек, осынау үде­рістерге атсалысып отырған әйел азаматтардың жұмыстары нәти­желі, ал бұл кеңестің келешегі кемел болады деп ойлаймын. Себебі, Аналар кеңесінің көмегімен Ас­сам­блеяның ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі де күшейе түсер еді», деді Д.Абдуллаев. Бұл күні сөз алған Жамбыл об­лысының ғылыми-сарапшылық тобы төрағасының орынбасары Парида Мамедова ел үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік пен бірлік екенін, сондықтан осы құндылықтарды нығайту үшін жұмыстарды жаңа әдістерді қолдана отырып, жүзеге асыру қажеттігін алға тартты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасына сәйкес, аудандар аясында өз жұмысымызды жүргізе бастадық. Мәселен, біз шалғай аудандарға шығып, семинар-тренингтер өткізіп келеміз. Ғылыми-сарапшылық топқа жүктелген арнайы жобалар бар. Бұл жобалардың өзегі этносаралық бірлікті бекемдеуге бағытталған», деді П. Мамедова. Брифинг барысында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық жетекшісі Ғайса Қапақов та сөз алды. Ол: «ҚХА-ның ХХ сессиясында Қо­ғамдық келісім кеңесін құру жөнін­де шешім қабылданған бола­тын. Сондықтан да, біздің облыс­та 163 Қоғамдық келісім кеңе­сі құрылды. Мұндай кеңес­тер­дің негізі әр ауылдық округ­те, ірі кәсіпорындарда, ұйым­дарда да қаланған. Кеңес түрлі пар­тиялардың, қоғамдық ұйым­дар­дың, кез келген мәселе бойынша жеке-дара көзқарасы бар жандардың басын біріктіреді», деді ол өзінің сөзінде. Оның айтуынша, Қоғамдық келісім кеңесі бүгінде әр отбасының әлеуетін дамытудан бастап, ауылдық округті абаттандыруға дейінгі барлық өзекті мәселелерді талқылайды екен. «Сондықтан да, қоғамда орын алып жатқан өзекті мәсе­ле­лер мен Президент алға қойға міндеттер, мәселен, жеке кәсіпкер­лікті, бизнесті дамытуға ықпал ететін нормативтік актілер, ауыл өмірінің жандана түсуіне септігін тигізетін мәселелер назардан тыс қалмайды», деді ол. Жалпы, Батыс Қазақстан об­лысын 86-дан астам этнос өкіл­дері мекен етсе, облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясына 116 адам мүшелікке өткен. Ал об­лыстық Ассамблея құрамында 33 этномәдени бірлестік болса, олардың 15-і Орал қаласында орналасыпты. Міне, өзінің сөзінде бізді осындай мәліметтерден хабардар еткен Ғайса Қапақов облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Бұл ретте ол: «Қоғамдық және ұлтаралық келісім мәселелері бойынша партияаралық ынты­мақтастық шеңберінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында «Ынтымақ» депутаттық тобы құрылды. Биылғы жылдан бастап өңірдің барлық ауылдық округтері мен аудан орталықтарында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы басталып, жүзеге асырылуда. Батыс Қазақстан облысында аталған мега-жобаның аяқталу кезеңі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне сәйкес келіп отыр. Алдағы жылы Орал қаласында қоғамдық келісім және әлеуметтік бастамалар орталығы – Достық үйі салынатын болады. Бүгінде ҚХА аясында салынатын этномәдени кешеннің құрылыс жобасы бекі­тілді», деді. Сондай-ақ, ол бүгін­де Батыс Қазақстан облысы Ре­сей­дің 5 шекаралас облыстарында қоныстанған қазақ диаспораларымен өзара ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарды жолға қойғанын жеткізді. Брифинг соңында журналис­тер әдеттегідей өздерінің сауалдарын қойды. Мәселен, бұл күні журналистерді Ақтөбе қаласын мекендейтін сығандардың Ассам­блеяға мүшелікке өту мәселесін осыдан 3 жыл бұрын көтеруіне орай, бүгінде бұл мәселенің қалай шешімін тапқаны қызықтырды. Осы орайда, Қазақстан Президенті жанындағы Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова Ақтөбе сығандарының ресми түрде өз этномәдени бірлестігін құрғанын, тиісінше Қазақстан халқы Ас­самблеясына мүше ретінде қа­был­данғанын жеткізді. Бұл орайда ол: «БҰҰ-ның Женевадағы оты­рысында Қазақстандағы сы­ғандар мәселесі туындаған болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбеде сығандардың 2 этномәдени бір­лестігі тіркелді. Олар Ассам­блеяның құрамына кіріп, өз жұмыстарын жалғастыруда», дей ке­ле, еліміздегі сығандар қазақстандық ортаға бейімделгенін, қазіргі таңда олардың балалары мектепте, жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын, өздерін Қазақстан қоғамына бейімделген этностық топ ретінде санайтынын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».