• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2014

Маңызды мәселелер талқыланған мәслихат

392 рет
көрсетілді

«Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінде «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты ХІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Басқосуда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы баяндама жасады. Елбасының қамқорлығымен ашылған «Нұр Мүбәрак» универ­ситеті әлемдік бәсекеге қабілетті беделді оқу ордасына айналуы тиіс екенін айтты. ҚМДБ төрағасы Мысыр сапары аясында қол жет­кізген жетістіктер туралы баян­дады. «Біздің осы сапарымызда Қазақстаннан келетін шәкірттерді Әл-Азһарда жетілдіру курсынан өт­кізсек деген өтінішіміз ма­құлданды. Бұдан былай, осы келісім негізінде «Нұр Мүбәракта» оқитын 10 студентіміз Мысырда бір жылдық білім жетілдіру курс­ында ілімдерін толықтыратын болды», деді Бас мүфти. Ержан қажы Малғажыұлы «Нұр Мүбәрак» тек имамдарды дайындап қана қоймай, жас ғалымдарды да ғылымға бейімдеуі тиіс екенін қаперге салды. Шәкірт тәрбиелейтін ұстаздардың, кі­тап жазатын ғалымдардың, білікті аудармашылар тобын қалыптастыру қажеттігін сөз етті. Студенттерді діни ғұламалардың еңбектерін зерттеуге үндеді. «Сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, дінімізбен біте қайнасқан дәстүрді де танып-білу, арнайы пән ретінде оқытып, оны халыққа жеткізу – басты жұмыстарымыздың бірі. Ендеше, дәстүрмен сусындаған ұрпақ елжанды болып өседі. Шәкірттерге тек білім беріп қана қоймай, оларды парасатты, жақсы азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі заманның талабы. Бүгінгі конференция жұмысы шәкірттер мен ғалымдарды осынау ізгілік пен имандылыққа, ғылым жолын таңдауға үндейді деген сенімдемін. Дәстүрлі басқосу нәтижелі болғай! Конференция жұмысына сәттілік тілеймін», деп сөзін түйіндеді Ержан қажы Малғажыұлы. Халықаралық жиынға БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек, Мәскеу Ислам университетінің ректоры Дамир Хайретдинов, профессор, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі, Мысыр мәдениет орталығының директоры Ашраф Дәруиш, Қазақстан Дін істері агенттігінің өкілі Айнұр Әбдірасылқызы, т.б. ғалымдар мен оқытушылар қатысты. Кон­ференцияны «Нұр Мүбәрак» уни­верситетінің ректоры, академик Махмұд Фаһми Хижази жүргізді. «Егемен-ақпарат».