• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2014

Өңірдегі жалақы берешегі оң шешілді

234 рет
көрсетілді

Жыл басында Атырау облысындағы «АСД» ЖШС-нің жүзге жуық жұмысшысы бірнеше айлап жалақыларын алмағанына наразылық білдірген еді. Өйткені, өңірдегі ірі жобалардың біріне мердігерлікке тартылған аталған серіктестік жұмысшыларына жалақы төлеу уәдесін орындамаған. Тіпті, жалақы қарызын қайтаруды да мүлдем ойламаған серіктестік басшысы кеңсесіне бас сұғуды да қойған. Құқық қорғау органдары анықтағандай, бұл серіктестік жұмысшылардың жалақысына қоса, еңбек демалысы үшін берілетін қаржыны да, жұмыстан қысқарғанына байланысты өтемақыны да бермей келген. Сондай-ақ, зейнетақы қорына аударылмаған қарыздары жинақталып қалған. Облыстық прокуратураның ресми өкілі Аслан Нұрғалиевтің хабарлауынша, прокурорлар «АСД» ЖШС жұмысшыларының жалақысын өндіруді өз бақылауына алған. Соның нәтижесінде аталған серіктестік жұмысшылары көптен зарыға күткен жалақысына қол жеткізді. Сонымен бірге, банкрот деп танылған «Атырау-Балық» АҚ-тың 534 қызметкерінің 46,3 миллион теңге жалақысы да төленді. Осылайша, жыл басынан бергі үш айда прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде 86 миллион теңгеден асатын мерзімі өтіп кеткен жалақы қарызы өтеліп, 962 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды. Мұндай прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде өңірдегі жалақы берешегі толығымен оң шешімін тапты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.