Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. 26 сәуірде ОСК басшысы Абай ауданының Қарағанды ауылдық округіне барып, Жартас ауылының тұрғындарымен және 2021 жылғы 25 шілдеде сайланған әкім Владислав Киреймен кездесті. Айта кету керек, бұл – тікелей дауыс беру арқылы сайланған елдегі ең жас ауыл әкімі.
Әкім сайлауға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, ауылдық жерлерде үгіт-насихаттың ең тиімді түрлерінің бірі халықпен жеке кездесулер болатынын атап өтті. Өз кезегінде ОСК төрағасы кандидаттар ешқандай шектеусіз дебат ұйымдастырып, өткізуге және бұл сайлаушыларға саналы таңдау жасауға ықпал ететінін атап өтті. Ауыл тұрғындары өткен ауыл әкімінің сайлауына және өздері сайлаған әкімнің жұмысына оң баға берді.
27 сәуірде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Студенттер мәдениет сарайы» ғимаратында Нұрлан Әбдіровтің саяси партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық кеңес, мәслихат, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, сайлау комиссияларының мүшелерімен үлкен кездесуі өтті. Іс-шараға 558 адам қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша мазмұнды пікірталас өтті. «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» РҚБ облыстық филиалының басшысы Дархан Тілемісов мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары сайлау туралы заңнамаға әйелдермен, жастармен, мүгедектігі бар адамдармен қатар, сайлау партиялық тізімдеріндегі 30% квотаны қамтитын түзетулерді қолдайтынын атап өтті. Бұл ретте оның пікірінше, мәслихат депутаттарын сайлау кезінде де осындай квота қарастырылуы қажет.
Бұқар жырау аудандық мәслихатының хатшысы Әли Асхат мажоритарлық жүйені енгізу аясында шағын сайлау округтерін құруды, тиісінше округтегі сайлаушылар санын азайтуды ұсынды. Оның пікірінше, елді мекендер арасындағы қашықтық оңтайлы болса және округтегі сайлаушылардың саны едәуір ықшам болса депутаттыққа кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік алар еді деген ойын ортаға салды.
Көптеген жыл бойы учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы болып жұмыс істеген Наталья Клименко сайлау комиссияларының мүшелері Конституциялық заңмен жүктелген маңызды функцияларды орындайтынын алға тарта отырып, олардың мәртебесін арттыру туралы ұсыныс жасады.
«Мұқалмас» ҚБ басшысы Майра Абдрахманова аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің құзыреті туралы мәселе көтерді. «Ақ жол» ҚДП филиалының төрағасы Ермек Әбілдин аумақтық сайлау комиссияларына сайлау процесіне қатысушыларды ақпараттандыру кезінде әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды ұсынды.
Қарағандының тұрғыны Саят Рахимов Ортсайлауком ұйымдастырған кездесулер сайлаушылардың сайлауға деген сенімін арттыруға ықпал ететінін атап өтіп, осындай тәжірибені облыстық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссиялары да өткізу керек деген пікірін білдірді.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Жастар орталығы» коворкинг орталығында ОСК төрағасының өңір жастарымен кездесуі өтті. Жас сайлаушыларды аралас сайлау жүйесін енгізу мәселелері қызықтырды. ОСК басшысы мажоритарлық жүйе кандидаттар арасында үлкен бәсекелестікке әкелетінін атап өтті. Сондай-ақ ол осы қағидат бойынша сайланған депутаттар партиялық құрылымдардың емес, бірінші кезекте өз электоратының мүдделерін білдіретінін, бұл олардың халық алдындағы жеке жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Студент Үміт Серікованың пікірінше, жастардың сайлауға деген қызығушылығы төмен, жастар арасындағы осындай таптаурындарды жою қажет. Ал студент Марлен Қожахметов дауыс беруге қатыспағаны үшін құқықтық жауапкершілікті қарастыруды ұсынды. ҚарМУ студенті Жадыра Мінажат биыл 18 жасқа толғанын және енді оның дауыс беруге құқығы бар екенін айтып, кездесу барысында дауыс беру тәртібі, азаматтардың сайлау құқықтары туралы пайдалы ақпарат алғанын білдірді.
Басқа өңірлердегідей, электронды дауыс беруді енгізу мүмкіндігі, артықшылықтары мен қауіп-қатерлерін ескере отырып, оны Қазақстанда қолдану тәжірибесі талқыланды.
Кездесу барысында сайлау процесінің өзекті тақырыптары бойынша дәстүрлі онлайн-сауалдама жүргізілді. Ал кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров белсенді қатысушыларға «Қазақстандағы сайланбалылық тарихы» кітабын тапсырды.