• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Сәуір, 2022

Баянды бастамалар бауырлас елде талқыланды

285 рет
көрсетілді

Түркиядағы Анкара дағдарыс және саяси зерттеулер орталығында (ANKASAM) танымал ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, сарапшылардың қатысуымен алқалы жиын өтті. Басқосу барысында айтылған әңгіме «30 жылдық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы» тақырыбында өрбіді.

Семинар форматында өткен жиында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырəлі түрік саясаттанушылары мен сарапшыларының алдында арнайы дəріс оқыды. Өз сөзінде ол Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық байланыстарға кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тың батыл бастамасымен қолға алынған Конституциялық реформалар жөнінде ойларымен бөлісіп, Анадолыдағы ағайынға қара шаңырақ Қазақстандағы жаңалықтарды жеткізді. Тамырлас елдер арасындағы ынтымақтас тықтың дамуы жөнінде сөз қозғады.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының 16 наурыздағы халыққа Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарды баяндап берді. Онда көтерілген басты мəселелерді нақты мысалдармен түсіндірді.

Халықаралық ұйымдарда тер төккен тəжірибелі дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қазақстан теңгерімді жəне көпсалалы сыртқы саясат жүргізіп жатқанына тоқталды. Осы орайда спикер Қазақстанның сыртқы саясатында Түркиямен жəне түркі əлемімен қарым-қатынастың орны ерекше екеніне екпін берді. Түрік-қазақ қарым-қатынасының көп қырлы жəне тарихи тұрғыда тамырын тереңнен тартқанын əңгімелеп берді.

«Қазақстан қысқа мерзім ішінде Батыспен, Ресеймен, Қытай мен, түркі əлемімен жəне Түркиямен жақсы қарым-қатынас орнатуды көздейтін теңгерімді сыртқы саясатты одан əрі ұстанатынын айқын көрсетті», деді Д.Қыдырəлі.

Дархан Қыдырəлінің айтуынша, бірегейлік пен сананы орнықтыру тұрғысынан түркі əлемі қазір елеулі өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр атырапта өмір сүретін түркі халық тары қазіргі таңда ұлы түркі өркениетінің бір бөлігі екенін күннен-күнге ұғынып келе жатыр. Əсіресе, кейінгі 30 жыл да мұндай бауырластық сезімі бірте-бірте дамыды. Оған Түркияның да үлкен үлес қосқанын атап өтті. Қазіргі таңда Түркия мен Орталық Азия дағы түркі мемлекеттері арасындағы мəдени байланыс жаңа кезеңге көтерілгеніне тоқталды.

Дəріс барысында Д.Қыдырəлі БАҚ өкілдері мен саяси сарапшылардың тамырлас түркі əлеміндегі бекем бауырластық, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық байланыстар жəне оның болашағы, атажұрт қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясаты жəне Жаңа Қазақстандағы саяси реформалар туралы көптеген сұраққа жауап берді. Сондай-ақ осындай мүмкіндікті ұсынған ANKASAM басшысы Мехмет Сейфеттин Еролға ризашылығын білдіріп, бағалы кітаптар тарту етті. Өз кезегінде ANKASAM басшысы Жаңа Қазақстандағы реформалар мен өзгерістердің бүкіл Түркі əлемі үшін де аса маңызды екенін атап өтті.

Жиын барысында сөз сөйлеген сарапшылар, зиялы қауым өкілдері Қазақстанның демократиялық жолға басқан қадамын, Конституциялық реформаларын жоғары бағалады. Еліміздің болашағы жарқын болуына тілектестігін білдіре отырып, Анадолыдағы ағайынның Қазақстан бастамаларына əрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.

Сонымен қатар осы күні Анкарада Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, Мұхтар Əуезовтің дүниеге келгеніне 125 жыл толуына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Аталған басқосу аясында Халықаралық Түркі академиясы шығарған бірқатар кітаптың тұсаукесер рəсімі өтті. Атап айтқанда, «Ахмет Байтұр сынұлы жəне Алаш» атты мақалалар топтамасы, «Қазақ білімпаз дарының тұңғыш сиезі» тарихи материалдар жинағы жəне М.Əуезовтің «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» атты еңбегі түрік оқырмандарына таныстырылды. Жиынға Түркия депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, түркітанушылар қатысты.