Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» өткен «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» атты дөңгелек үстел барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жұртшылық ашық диалог форматында этносаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және әлеуметтік проблемаларды шешу жолдары туралы пікірлерін ортаға салды.
Бірлік күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ және ХХХІ сессияларының қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек этномәдени бірлестіктердің бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
– Әлемдегі қазіргі жағдай біздің ең басты жетістігіміз бейбітшілік екеніне бұрынғыдан бетер көзімізді жеткізді. Біз мұны болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек. Көпұлтты ел үшін Ассамблеяның рөлін бағаламау немесе асыра бағалау қиын. Біз – үлкен отбасымыз. Кез келген отбасында кейде мәселелер туындайды. Бірақ этномәдени бірлестіктердің арқасында олардың барлығы жедел шешілуде. ҚХА-ның өңірдегі әлеуметтік-саяси жағдай мен экономикалық тұрақтылыққа қосқан үлесі зор, – деген ол алдағы уақытта да Ассамблеяның бірегей алаңқайын белсенді түрде пайдалану керектігін атап өтті.
Ал Қарағанды облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күләш Төлеуханова өскелең ұрпақ тәрбиесі, отбасы институтын сақтау, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болған жиында ақылды және тәрбиелі балалардың кез келген елдің бірлігі мен игілігінің негізі екеніне баса мән берді.
– Біздің еліміздің болашағы жас ұрпақты қалай тәрбиелейтінімізге байланысты болады. Сондықтан біз балаларды тәрбиелеу ісіне мектептерде де, отбасында да үлкен мән беруіміз керек. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге сай тәрбиеленген жан-жақты дамыған жастар ғана жарқын болашақ құра алады, – деді К.Төлеуханова.
Басқосуда НЗМ оқушылары медицина, экология саласындағы жаңалықтарымен және жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ Күнту Серікжан есімді спикер әлеуметтік желілерді тек игі істер жасау мақсатында пайдалануға шақырды.
Дөңгелек үстел жұмысының соңына таман өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және жаңа қазақстандық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін Вилен Молотов-Лучанский, Виталий Тварионас, Деспина Касапиди, Виктор Кисту, Лилия Ким, Рамис, Михаил Коновалов, Рустам Бузяков сынды этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелеріне облыс әкімінің атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Ал дөңгелек үстел іс-шарасын Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған балалар суреттерінің көрмесі түйіндеді.