• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2022

Петропавлда мас жүргізуші жаяу адамды қағып кетті

191 рет
көрсетілді

Петропавлда мас жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағында әйел адамды қағып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Петропавлда Уәлиханов көшесіндегі жол қозғалысы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде Toyota RAV-4 автокөлігінің жүргізушісі 49 жастағы қала тұрғынын қағып кеткен. Бұдан кейін жүргізуші бір бағытта кетіп бара жатқан Volkswagen автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел медициналық мекемесіне жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Toyota тізгінінде 54 жастағы тұрғын болған. Медициналық куәландыру оның масаң күйде болғанын көрсетті.

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1 бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сараптамалар тағайындалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

«Жалпы 3 айдың ішінде облыс аумағында мас жүргізушілермен 4 жол-көлік оқиғасы жасалды. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 2-уі жарақат алған. Автокөліктен келетін қауіп жоғары, оны масаң күйде басқаруға жол берілмеуі тиіс. Полицейлер осындай фактілерді анықтау және жолын кесу бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан облыс бойынша 263 мас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.