• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Сәуір, 2022

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай жалпыреспубликалық диктант өтеді

601 рет
көрсетілді

Бұл бастама Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен  өткен ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары  ректорлары кеңесінің кезекті отырысында айтылды, деп жазады Egemen.kz.

Министр өз сөзінде өңірлік ректорлар кеңесін дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жетілдіруге, мамандықтарды бейімдеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Отырыс барысында Ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов өткен жылғы қызмет және биылғы жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті. Оның сөзіне сүйенсек, 7 өңірлік ректорлар кеңесі құрылып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және 5 өңірде оның отырыстары өтеді. Халықаралық ынтымақтастық оң жолға қойылды. Украина жоғары оқу орындары ректорларының кеңесімен, Қырғызстан жоғары оқу орындары қауымдастығымен келісімдерге қол қойылды және РФ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Венгрия, Түркия ректорларының кеңестерімен де ынтымақтастық туралы құжатқа қол қою жоспарлануда.

Ректорлар кеңесі қазақстандық ЖОО-ның QS халықаралық рейтингсініде қатысуын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Орта Азия мемлекеттеріндегі ЖОО ректорларының бірлескен қызметі туралы келісімге қол жеткізілді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыру бағытында бірыңғай ақпараттық-талдау алаңы ретінде Қазақстан ЖОО консорциумын құру мәселесі талқылануда. Жиын барысында Ректорлар кеңесінің биылғы жұмыс жоспарының басты бағыттары қарастырылды. Оқу үрдісін жаңғырту және ЖОО ғылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілмек. Сколково жоғары басқару мектебімен бірлесе жоғары білім саласында басқарушы-менеджерлерді даярлау бойынша арнайы бағдарлама әзірленді.

Еліміздегі ең үздік салалық орталықтарда жас мамандар мен студенттерді тағылымдамадан өткізу бойынша «Тәлімгер» бағдарламасы қолға алынбақ.

Ерлан Сыдықовтың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты Қазақстанда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш құндылықтары» тақырыбында жалпыреспубликалық диктант өтеді.

Кеңестің тағы бір бастамасы – жоғары оқу орындарының қызметін цифрландырудың университеттік алгоритмін енгізу, бұл ел университеттерінің барлық қызметін толыққанды цифрландыруға көшудің бірыңғай платформасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқосу соңында ректорлар кеңесінің шешімімен химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ережеп Мәмбетқазиевке және биология ғылымдарының докторы, профессор Жасұлан Шаймардановқа «Қазақстан Республикасының Құрметті ректоры» атағы берілді.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі 2015 жылғы мамырда құрылды. Оның мақсаты – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту мәселелері бойынша жоғары оқу орындарының қызметін үйлестіру, білім беру процестерін ұйымдастыру бойынша оң тәжірибені жинақтау және тарату, жоғары білім беру жүйесін жетілдіру.