Ертең Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» орталық концерт залында «Шаттық-2022» қалалық шығармашылық байқауының ауқымды гала-концерті өтеді. Іс-шара Қазақстандағы балалар жылына арналған және «Балалық шақ – басты назарда!» ұранымен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Гала-концертте байқаудың үздіктері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, іріктеу турлары елорданың 8 жерінде өтті. Қазылар алқасының алдында қаланың 115 білім беру мекемесінен 4 мыңнан астам оқушы өнер көрсетті.
Байқау күндері шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар «Хореография», «Аспаптық жанр/жеке орындаушылық», «Аспаптық жанр/ансамбльдер», «Вокалдық жанр/жеке орындаушылық», «Вокалдық жанр/ансамбльдер», «Хор», «Театр өнері», «Вокал жанры/ансамбльдер», «Фотография», «3D модельдеу» номинацияларында сынға түсті.
Қазылар алқасы талантты жастардың дайындық деңгейін жоғары бағалады.
«Биылғы жылды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылы деп жариялады, оның аясында бізде XV «Шаттық-2022» балалар мен жасөспірімдер арасында фестиваль-байқауы өтуде. №1 Балалар музыка мектебінде жеке, эстрадалық, академиялық вокал, дәстүрлі ән номинациялары бойынша іріктеу туры өтті. Оған жалпы білім беретін мектептердің, колледждердің 153 оқушысы қатысты. Балалар жоғары деңгейде дайындалды», деді Нұр-Сұлтан қаласының №1 Балалар музыка мектебінің директоры Болат Қыдырманов.
Қола және күміс жүлдегерлердің есімі байқау аяқталғаннан кейін белгілі болды. Әр номинация бойынша жеңімпаздар мен «Шаттық-2022» гран-приінің иегері гала-концертте жарияланады.