Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында еліміздің бүгіні және болашағына байланысты жаңа бағыттарды, бастамаларды айқындады. Осы бастамалардың арасында қоғамның қолдауына ие болғаны, әрине Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсыныстың бүгінгі таңда өзектілігі өте жоғары.
Президентіміздің Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өткізу ұсынысы – түптеп келгенде халықтың талап-тілегі мен сұранысы. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстан қалыптастырудың негізгі қадамы. Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына түзету енгізіледі. Мемлекет басшысы халық үнін барлық реформаларды жүзеге асыруда негізгі әрі басты фактор ретінде негізге алатынын тағы да дәлелдеді. Шын мәнінде, саяси және конституциялық реформаларды іске асыру жолында республикалық референдум – нақты нәтиже. Себебі, республикалық референдум өткізу азаматтарымыздың конституциялық құқығы, ол еліміздің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктейді. Мұның түпкі мәні – Жаңа Қазақстан қалыптастыру.
Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысы геосаяси ахуал туралы айтқанда «Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды», деп тоқталды. Бұл ретте Президентіміз «Бірлігіміз – әралуандықта», деп қадап айтты.
Қоғамда диалог мәдениетін қалыптастыру және өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Президент «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды», деп нақтылады.
Президент айқындап берген реформаларды жүзеге асыру жолында Парламент Мәжілісінің депутаттары белсенділік танытып, қоғамдық және саяси реформаларды заңнамалық, құқықтық қамтамасыз етуде заңдарды қабылдауға атсалысатын боламыз.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты