Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен Батыс Қазақстан облысына келді.
Бұл қызылжарлық өнер ұжымының Ақ Жайық өңіріне тұңғыш сапары екен. Гастрольдің алғашқы күні оралдық көрерменге Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы ұсынылды. Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ине шаншар жер болмады. Мағжанның сырлы да мұңды шығармасы актерлердің шебер ойынымен, сахналық әдемі де қарапайым шешімдермен керемет ашылып, көрермен жүрегіне жол тапты. Осы кезге дейін екі фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған бұл қойылымды театрдың негізін қалаушы, 20 жыл осы ұжымда қызмет еткен мәдениет қайраткері Батырбек Шамбетов сахналаған екен.
– Біз гастрольге, театр фестивальдеріне жиі шығып тұрамыз. Жеткен жетістігіміз де аз емес. Осыдан екі күн бұрын ғана Ақтөбе қаласында өткен «Балауса» эксперименталды театрының «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алдық. Жалпы, театрымыздың құрылғанына 22 жыл болды. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы ашылып, сол жылы ғасырлық мерейтойы аталған жазушы Сәбит Мұқановтың есімін иеленген едік. Содан бері өткен 22 жыл ішінде 100-ге жуық қойылым сахналаппыз. Дегенмен бүгінгі сапарымыздың жөні бөлек. Орал қаласына тұңғыш келуіміз. Біз үшін өте толғанысты, қызықты сапар болғалы тұр. Мұнда бізді әріптесіміз, Хадиша театрының басшысы Нұржан Тасболатов ұжымымен жақсы қарсы алды. Өнер адамы көңілге тояды ғой, мәртебеміз көтеріліп, көңілді жүрміз, – дейді бізге Қызылжар театрының директоры Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Біржан Жалғасбаев.
Теріскей театрының 40-қа жуық қызметкері Ақ Жайыққа төрт қойылым алып келіпті. Жоғарыда аталған «Шолпанның күнәсінен» бөлек, италиялық драматург Карл Гальдонидің «Венециялық егіздер» комедиясы дель арте стилінде, яғни көрерменмен етене араласқан күйде ұсынылмақ. Сербиялық жазушы Бронислав Нушичтің «Қарапайым адам» қойылымы адамды тазалыққа, адалдыққа, махаббатқа, жақсылыққа тәрбиелейді. Ал кішкентай көрермендерге қазақ халық ертегісі негізінде сахналанған «Қаңбақ шал» қойылымы тарту етілмек.
Біржан Нұрмаханұлының айтуынша, қазір Петропавл қаласында Сәбит театрына арналған жаңа ғимарат салынып жатыр екен. 500 көрермен сиятын ғимарат биылғы жылдың соңында пайдалануға берілмек. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өмірінде үлкен қуаныш, жаңалық болғалы тұр.
– Бұйырса әріптестеріміздің сол қуанышын бөлісіп, Қызылжар қаласына баратын шығармыз. Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры мен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театры арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжатта екі театр ұжымының әріптестігі, репертуар алмасу, бір-бірімізге барған кезде қолдау көрсету, т.б. секілді екіжақты келісімдер бар, – дейді оралдық театр жетекшісі Нұржан Тасболатов.
Гастрольдің алғашқы күні Біржан Жалғасбаев сахнаға шығып, оралдық көрерменге өте жылы қарсы алғаны үшін алғысын айтты. Және осы Орал театрын ұзақ жыл басқарған өнер қайраткері әрі көптеген шетелдік драмалық шығарманы қазақ тілінде шебер сөйлеткен аудармашы Құжырғали Төлеуішевке шапан жапты.
Айта кетейік, қызылжарлық театр труппасында батысқазақстандық Әділжан Кәрімов пен Нұрбол Асқаров деген қос актер он жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді екен. Осы қос өнерпаздың құрметіне олардың туған жері – Қазталов ауданына арнайы барып, қойылым қою жоспарланып отыр. «Бұл біздің арамызда жүрген әріптестерімізді қолдау әрі олардың кіндік кескен топырағына құрметіміз», дейді Біржан Нұрмаханұлы.