Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.
Осылайша, Жетісу өңірінде тарихи өзгеріс болып, Қапшағай қаласының атауы өзгерді. Енді шағын шаһар еліміздің біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне орай аталмақ. Бұған дейін Президент халыққа арнаған Жолдауында қазіргі Алматы облысының орталығын Қапшағай қаласы етіп қайта бөлу туралы және қаланың атауын Д.Қонаевтың атына ауыстыру жайына тоқталған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады» деп атап өткен болатын.
Сондай-ақ облыстың жаңа орталығының атауына қатысты «Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру ұсынысына қосыламын» деді. Мемлекет басшысының ұсынысы ел ішінде қызу қолдау тапты. Алдымен мәселе Қапшағай қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында қаралып, қаланы «Дінмұхамед Қонаев қаласы» деп қайта атау бастамасы күн тәртібіне қойылған болатын. Одан кейін бұл ұсыныс облыс деңгейінде қолдау тауып, одан әрі республикалық ономастика комиссиясының талқылауына жіберілген еді.
Міне, енді Мемлекет басшысының Жарлығы да жария болды. Президент Жарлығын жетісулықтар ғана емес, күллі қазақ елі зор қуанышпен қабыл алды. Бұл қазақ тарихындағы қайталанбас тұлға – Дінмұхамед Қонаевқа деген халық құрметінің көрінісі болса керек.
– Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел басқарған уақыт аралығында Ақтау, Арқалық, Екібастұз, Қаратау, Рудный, Кентау, Жаңаөзен, Қапшағай секілді 43 қала, 68 жұмысшы кенті бой көтерді. Атыраудан Алтайға, Қаратаудан Торғай даласына дейін ен жайлап жатқан елдің әлеуметтік тұрмысы, мәдениеті мен экономикасы өрлеу үстінде болды. Нақты цифрларға жүгінсек, 1955 жылдан 1985 жыл аралығында Қазақстан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есеге жуық өсті. Осындай көрсеткіштерді саралағанда аталған мерзімде еліміз өнеркәсібінің өркендеуі жағынан одақтас республикалардың маңдайалдысы болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Яғни елдің қазіргі ықыласы мен атқарушы биліктің құрметі – Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы Жарлықты тарихи әділетті шешім деуге болады. Ұзағынан сүйіндірсін, – дейді Алматы облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Аманғазы Шегіров.