Туристік маусым басталар алдында отандық саяхаттың Меккесі сынды Алматыға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жұмыс сапарымен келіп, туризм саласының өкілдерімен Қазақстанда жаңа туристік бағыттарды құру және жайластыру мәселелерін талқылады.
Алматы – Қазақстандағы туристер ең көп келетін, әлем жиһанкездерін тартуға әлеуеті жететін әсем қала. Мәселен, жуырда осы шаһарда өткен туризм саласындағы Орталық Азиядағы ең ірі «Туризм және саяхат» – «KITF» көрмесіне шартараптан 211 туристік компания, 18 ел ресми түрде қатысқан болатын.
Аталған саланың мамандары Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік турист міндетті түрде Алматыда болатынын атап өткен еді. Өткен жылы туристер саны 65%-ға өсіп, 1,2 млн-ға жеткен, бұл республикалық көрсеткіштің бестен бір бөлігі – 5,4 млн адам. Дегенмен 2025 жылға қарай Алматыға кемі 2,3 млн турист тарту жоспарланып отырған жайы бар.
Туризм саласындағы қызметтер көлемі өткен жылы 27,9 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 66%-ға артық. Салаға 46,3% өсіммен 100,7 млрд теңге инвестицияланды.
Министрдің Алматы қаласындағы туроператорлар, бизнесмендер, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдерімен кездесуі осы мақсатқа серпін беруі тиіс.
«Біз шетелдердегі гранд турлардың көптеген мысалдарын білеміз. Мысалы, Швейцарияда бүкіл ел аумағын қамтитын үлкен тур өтеді, оны туристер бөліп-бөліп немесе толығымен өткізе алады. Осылайша, бір саяхатта бүкіл бағытты біле аласыз. Маршрут бойында түрлі тақырыптарға арналған, көліктің әр түрінде іс-шараларды ұсынатын турлар құрылуы мүмкін», дейді министр.
Сонымен қатар Д.Абаев туристерді тартатын маршруттар тақыр жерден пайда бола салмайтынын атады. «Таптаурын соқпақ» қағидаты бойынша туристерге қызықты әрі сұранысқа ие маршруттар бірінші кезекте жақсартылады және дамытылады.
Еліміздің бес өңірінде бағыттар анықталған. Олардың ішіндегі ең танымалдары – оңтүстік-шығыстағы «Алматы: 4 маусым» мен Қазақстанның оңтүстігіндегі «Ұлы Жібек жолы». Бұл ретте «Жібек жолы» бағыты қолданыстағы трансшекаралық бағыттың бір бөлігі саналады және Қытаймен шекарада басталып, Өзбекстанда жалғастырылуы мүмкін. Одан әрі еліміздің оңтүстік-батысындағы Маңғыстаудың көздің жауын алар пейзажы, шығысында Алтайдың тұмса табиғат көрінісі және «Сарыарқа» бағытының екі бөлігі: солтүстік және шығыс – бұл Бурабай, Имантау-Шалқар, Баянауыл және Қарқаралы далаларындағы інжу-маржандарымыз.
Министрлік осы бағыттарды жоспарлы түрде дамытуды ұсынады: алдымен – таңдалған маршруттарды абаттандыру, екінші кезеңде – «жұмсақ» инфрақұрылымды және маршруттарды сапалы тұрғыда дамыту. Келесі кезең – туроператорлармен бірге мақсатты түрде турларды белсенді жылжыту.
Д.Абаевтың айтуынша, бұл мәселеде мемлекет пен нарықтың бірлескен «командалық жұмысы» аса маңызды.
Өз кезегінде «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниел Сержанұлы «Kazakh Tourism» негізгі күш-жігерін мамандарды оқытуға, стандарттау және маркетинг жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, гранд маршруттар айналасындағы туристік өнімдерді дамытуға бағыттап отырғанын атады.
Алайда ішкі туризм бойынша отандық туроператорлардың басшылары маршруттарды жүйелі әрі нақты дамытудың маңыздылығына, сонымен бірге туристердің жайлылығын арттыруға көмектесетін кейбір проблемаларды шешу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ кездесу аясында NeoNomad акциясы туралы айтылды. Жобаның мәні Қазақстан ішінде туристердің келуіне ұсынылатын орындар тізімін қалыптастыру. Акция биылғы мамыр айына жоспарланған. Акцияның негізгі идеясы – туристерді арнайы фотоспоттарда суретке түсіру. Жобаға барлық өңір бойынша 20 орын қамтылған, нысандардың бір бөлігі гранд маршруттар бойында орналасқан.
Бұған дейін де Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев: «Біз 2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да, сондай-ақ экономиканың түрлі саласында халықтың жұмыспен қамтылуына жол ашатын турбизнес қызметін жандандыру да осыған ықпал етеді. Бұл білікті кадрларға деген сұранысты арттырады», деген болатын.
Қалай десек те, отандық туризмді дамытуда кадрлар дайындаудан бөлек, бұрыннан шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар, оның барлығы да бұрыннан айтылып, қозғалып келеді. Министр туроператорлармен кездесу барысында туризмді дамытудың түйткілдерін де тыңдап, істі ілгерілетудің жолдарын саралады.