Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі және геология саласын дамыту перспективалары қаралды.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге биыл 215 млрд теңге бөлінді
Бірінші мәселе туралы баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 96%-ды, оның ішінде қалаларда – 98,1%-ды, ауылдарда 93%-ды құрады.
Жекелеген өңірлерде артта қалушылық байқалады. Ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Қалалық жерде сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр. Сумен жабдықтау қызметтерімен Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындары 100% қамтылған. Ауылдық елді мекендерді аталған қызметпен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылар қатарында Алматы, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары бар.
Сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін көрсеткіштері төмен және көш соңында қалған өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Осы жылы бұл мақсаттарға нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен 215 млрд теңге көзделген, оның ішінде қалаларға – 120 млрд теңге және ауылдық елді мекендерге – 95 млрд теңге. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының – 98,5%-ын, ал ауыл халқының 94,7%-ын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Өскенбаев.
Елімізде барлығы 6 302 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 4 759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Аталған қызмет түрімен қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Ал халық саны аз 1 мыңнан астам ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады. Оның ішінде биыл 120 ауылдың тұрғыны орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету және халық саны аз 220 ауылда кешенді блок-модульдер орнату жоспарлануда. «Біз ауыл тұрғындарының сумен қамтамасыз етілу барысына мониторинг жасау үшін Интерактивті карта әзірледік. Аталған карта интернетте қолжетімді және онда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, қаржыландыру көлемі, халық саны, тозу деңгейі және басқа да өзекті ақпарат көрсетілген», деді ол.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар Интерактивті картаға деректердің сапалы және уақтылы енгізілуін қамтамасыз етуі қажет. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеуге арналған е-өтініш бірыңғай платформасы арқылы картаға қосымша функцияларды қосу бойынша шаралар қабылданды.
Мемлекеттің ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты жақсы нәтижелер беріп отыр. Сондай-ақ шешімін таппаған бірқатар проблемалық мәселе де бар. Бүгінге дейін орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау құрылысы жоспарланған 54 ауылдың кейбірінде іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген. Атап айтсақ, Түркістан облысы бойынша 30 ауылда, Алматы облысында 7 ауылда, Батыс Қазақстан облысында 5 ауылда және Жамбыл облысы бойынша 5 ауылда бұл бағыттағы жұмыстар атқарылмаған.
Халықтың көші-қонына байланысты 50 елді мекенде су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет. Мәселен, Алматы облысының Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған және бүгінгі таңда ауыл халқын ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін реконструкциялауды қажет етеді. Министр соңғы бес жылда халық саны 5,8 мыңнан 9,5 мың адамға дейін артқанын атап өтті. Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 млрд теңге қаражат қажет. Осыған байланысты аталған ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сумен 100% қамтамасыз ету үшін әкімдіктер су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарына қажет жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге тиіс.
Қ.Өскенбаев салынған су құбыры желілері іс жүзінде әкімдіктердің теңгерімінде қалатынын не болмаса білікті мамандары мен арнайы мамандандырылған техникасы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдарға берілетінін атап өтті. «Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес 275 ауылда сумен жабдықтау желілеріне әкімдіктер қызмет көрсетсе, 335 ауылда бұл жұмысқа бейінделмеген кәсіпорындар тартылған. Бұл өз кезегінде желілердің тез арада тозуына әкеп соғады және қайта қалпына келтіру үшін қосымша шығынды талап етеді. Осыған байланысты су желілеріне тиісті қызмет көрсету үшін «бір аудан – бір кәсіпорын» қағидаты бойынша су арналарын ірілендіру ұсынылады. Бұл көрсетілетін қызмет сапасын және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді министр.
Сондай-ақ аталған мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ету ең маңызды міндеттердің бірі екенін және 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы таза ауыз сумен қамтылуы керек екенін атап өтті. Үкімет басшысы өңірлер әкімдерінің назарын ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбырлары мен елді мекенге дейін тартылатын топтық су құбырларының жоспарын бір-біріне сәйкестендіруі керек екендігіне аударды. «Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-еуі пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі – негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы елімізде халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтіп, бірқатар тиісті тапсырмалар берді. Өңірлердің әкімдіктері сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөнделуін қамтамасыз етуі қажет. «Ауыз су мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақтылы қабылданып, нәтижелі болуы керек», деді ол.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік саясатты іске асыру барысында Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды аяқтауға тиіс. Жаңадан салынатын және қолданыстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарды сумен қамтамасыз етумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптарды бекітуі қажет. Сол арқылы жергілікті жерлерде қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы толығымен ретке келтіріледі.
Геология саласында ақпараттық жүйе құрылады
Үкімет отырысында геология саласын дамыту перспективалары қаралды. Аталған мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов баяндама жасады.
С.Брекешев геология саласын дамытудың қазіргі ахуалы мен негізгі перспективалары туралы айтып берді. Пайдалы қазбалардың көптеген түрінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Осыған байланысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл – жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтаудағы негізгі әдістердің бірі. «2020-2022 жылдары мемлекеттік салымдардың көлемі 30 млрд теңгені құрады. Бұл ретте соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы байқалуда», деп мәлімдеді министр.
Сонымен қатар Қазақстан геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялардың 1 шаршы шақырымға төмен көрсеткішімен сипатталады. Бізде ол 11 долларды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Аустралияда – 167 доллар, Канадада 203 доллар көлемін құрайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан елдердің кен орындарын барлауға салып жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында геология саласының алдында мынадай негізгі міндеттер тұр: біріншісі, геологиялық зерделеуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау. Екінші, аталған міндеттер бойынша жұмыс «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының «Геология саласын дамыту» бағытындағы іс-шараларды іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатыр. Үшіншісі – өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру, төртіншісі – геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру. «Біз геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледік және онда жоғарыда аталған мәселелердің шешімі көрініс тапты», деді С.Брекешев.
Ұлттық жоба аясында мемлекеттік бюджет есебінен алаңдарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік және терең геологиялық карта жасау жүргізіледі. 2026 жылға қарай зерттеулердің жалпы ауданы барлығы 680 мың шаршы километр құрайды. Бұл 2,2 млн шаршы шақырымға дейінгі елді геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға мүмкіндік береді.
С.Брекешев Қызылорда облысындағы жағдайды ескере отырып, Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалау жоспарланып жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай және Сырдария аз зерттелген бассейндерін зерттеуге арналған жобалар әзірленуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін, экономиканың негізін тау-кен металлургия кешені құрайтын Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларына жақын орналасқан 7 перспективалы учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар әлемдік нарықтың қазіргі тенденцияларын және сирек кездесетін металдарға, сондай-ақ литийге сұраныстың артуын ескере отырып, шикізаттың осы түрлеріне перспективалы учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, биыл Қара-Аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасуда.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орын алатынын, ал экономиканың өндіруші секторы ІЖӨ-нің шамамен 30%-ын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Сол үшін де геология бұл мәселеде аса маңызды рөл атқарады. Геологияны дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды іздеуге жеңілдетілген лицензиялау енгізілді. Шағын геологиялық барлау компанияларына тиісті жағдай жасалды», деді Ә.Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, ел аумағын кеңінен зерттеу мен әкімшілік кедергілерді жою өндіріс саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артады. Жалпы, елімізде ғылыми-институционалдық база бар. Геология саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Үкімет басшысы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторларға геологиялық мәліметтерді қолжетімді ету үшін ақпараттық жүйе құру қажеттігін атап өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін KAZNEDRA платформасын әзірлеу және қолданысқа енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, барлау және өндіру құқығын алуға мүмкіндік беретін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын уақтылы жаңартып отыру қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде жер қойнауын пайдалануға болатын республиканың барлық аумағын бағдарламаға қосу тапсырылды. «Жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттарды ұзартуға көп уақыт кетеді, ол рәсімді жеңілдету қажет», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, екі апта ішінде әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты шаралар әзірлеуді, аталған мемлекеттік қызметті цифрландыруды тапсырды.
Үкімет басшысы экологтердің, депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» бірегей жерасты сулары кен орнының ластануы мәселесін үнемі көтеріп келетінін атап өтті. Осы орайда Энергетика министрлігіне аталған су кен орнының аумағында жер қойнауын пайдалануды шектеу мәселесін қарастыру, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық жерасты суы бойынша мониторинг жұмыстарын күшейту тапсырылды.