Елордадағы «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Аққуым менің, қайдасың?» атты әдеби музыкалық кеш өтті.
Алдымен кешке жиналған қауымға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың талантты ақын шығармашылығы туралы жылы ілтипатын білдірген хатын Сенат Спикерінің кеңесшісі, журналист Бибігүл Жексенбай оқып берді.
– Қазақ – қашанда ақынға құрмет көрсеткен, қаламгерді қадір тұтқан халық. Ұлттық поэзияның көрнекті өкілі, қазақтың аққу жүрек ақыны Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған бүгінгі іс-шара – соның жарқын көрінісі. Марфуға Бектемірова – бүкіл ғұмырын шығармашылыққа арнаған, әдебиетімізде өзінің дара ізін қалдырған қаламгер. Оның әр жолынан нәзіктік пен сезімнің лебі есіп тұратын өлеңдері оқырман қауымды қашанда ерекше әсерге бөлейді. Марфуға апамыздың тәржіма саласындағы еңбектері де өз алдына бір төбе. Журналистикада жауапты қызмет атқарып, бұл бағытта да өзіндік қолтаңбасымен танылды. Ақынның соңында қалған мол мұрасын насихаттау қашанда маңызды. Сондықтан Марфуға Бектемірованың есімі мен шығармашылығын дәріптеуге арналған бүгінгідей кештердің өскелең ұрпаққа берері мол, – делінген Сенат Төрағасының хатында.
Одан кейін сөз алған қаламгер, Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижан, белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек айтулы ақын туралы тағылымды естеліктерімен бөліссе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Болатова осыдан екі жыл бұрын аталған факультеттің бір түлегі филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанованың жетекшілігімен «Марфуға Бектемірова − редактор, журналист, публицист» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғап, жоғары баға алғандығын сөз етті.
Әдеби-сазды кеш барысында астаналық филармония әншілері Диана Май, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Салтанат Серкебаева ақынның сөзіне жазылған бірқатар әнді орындап, тыңдармандарын әдемі сезімге бөледі. Сондай-ақ Музыкалық жас көрермен театрының әртістері де сыршыл шайырдың өлеңдерін оқып, театрландырылған қойылым қойды. Ал кешті Марфуға Бектемірованың жары, қаламгер Есенгелді Сүйінов қорытындылап, жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдірді.