Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Алаштың Ахметі» спектаклінің премьерасы өтті. Драма-элегия жанрындағы сахналық туынды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жер тұтастығы мен ел бүтіндігін сақтап қалу жолындағы жанкешті еңбегі мен елдің саяси-рухани тұрғыда еңсе түзеу жолындағы қайраткерлігін бейнелейді.
Қойылымда Алаш арысының аяулы жары Бәдрисафаның ауыр тағдыры мен Ахаңа деген азапты сүйіспеншілігі, екеуінің арасындағы айнымас сыйластық пен құрмет сезімдері әсерлі баяндалады.
Шығарма авторы – драматург-жазушы Өтен Ахмет. Қоюшы режиссері – Қуандық Қасым. Премьераны тамашалауға келген жұрттың көптігі соншалық, көрермен залында ине шаншар орын қалмады десек болады. Актерлер шеберлікпен сомдаған көркем бейнелер де нанымды шыққан. Ахаң туралы алғашқы қойылымды арнайы келіп бастан-аяқ көріп шыққан облыс әкімі де театр қоржынына тағы бір сәтті туындының қосылғанын атап өтті.
– Бүгінгі тамаша қойылымды өңір сахнагерлерінің Ахаңның рухына жасаған тағзымы деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Бәдрисафаның арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық сезімі, ұлт ұстазының елге деген махаббаты, өз ісіне деген адалдығы, халқына деген перзенттік борышы өте сәтті сомдалған. Спектакльдің авторы мен қоюшы режиссерге, сондай-ақ театрдың барлық шығармашылық ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Сахнадан үлкен еңбектің жемісін көрдік. Бұл – Ілияс Омаров атындағы облыстық театрдың Ахаңның 150 жылдық мерейтойында өңір тұрғындарына жасаған тамаша тартуы, – деді А.Мұхамбетов.
Премьера өткен күні театрдың кіреберіс дәлізінде ұлт ұстазының ғылыми мұрасы мен өмір кезеңдерінен сыр шертетін көрме ашылып, қалың көрермен Ахаңның ғұмырнамасына қатысты құнды архив құжаттарымен танысты.