• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Барнаулмен байланыс берік

388 рет
көрсетілді

Өңіраралық әріптестік аясында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы облыс аумағымен шектесетін Ресей Федерация­сы­ның Барнаул қаласында Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған шығысқазақстандық делегация­ны Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин күтіп ал­ды. Бар­наулда ресми қонақтар алдымен Алек­­сей Смертиннің спорт кешені мен «Льдинка» жабық мұз айдынында, 2000-кварталда қа­лыптасқан білім клас­те­рі мен аймақ­тық клиникалық аурухана­да болды. Белгілі ресейлік футболшының өзі шеберлік сағаттарын өткізетін мектепте жас спортшыларға арналған қонақүй, асхана мен қажетті инфрақұрылым, он команданың бір мезетте жаттығуына мүмкіндік бар. Барнаул клиникалық ауруха­на­сындағы заманауи техникалар, дәрі­гер­лер мен науқастарға арнал­ған қо­лайлы жағдай – медицина сала­сын­дағы әріптестікті жетілдіруге негіз бола алады. Көршілес өңірлердің дәрі­гер­лері денсаулық сақтау саласын­дағы тәжірибелерімен бөлісіп, нау­қас­тарды емдеудің озық үлгілерімен алмасты. Шығысқазақстандық мамандар денсаулық сақтау саласын ұйым­дастырудың кластерлік тәсілдеріне айрықша назар аударды. Барнаул ауруханасында ми талшықтары мен бүйрек ауыстыру сияқты күрделі оталарды 400 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеге дейінгі қаржыға жасайды. Шығыс өңі­­­­рі мұндай мүмкіндікке биыл қол жеткізбек. Алтай аймағының әкімшілік орталы­ғындағы білім кластері де көңіл аударуға тұрарлық дүние. Қаланың 2000-кварталында бір алаңқайда балабақша, бассейн, заманауи мектеп және көркемөнер мектебі орналасқан. №132 мектептің директоры Инна Борисенконың айтуынша, білім жүйесін құрудың кластерлік тәсілі мектепке дейінгі мекемеден бастап кәсіби деңгейге дейінгі білімді ешқайда шықпай, бір жерде алуға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі тұрғын үйлердің ортасында орын тепкен алаңда мектепке дейінгі, мектептегі және қосымша білімді алуға мүмкіндік беретін, сол арқылы балаларды оқытуға жоғары деңгейдегі қолайлылық қалыптастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білім моделіне ерекше қызығушылық танытты. Бұл ретте барнаулдық әріптестердің тәжірибесін өскемендіктер де іс жүзіне асыру жолдарын қарастыратын болды. – Алтай өлкесінің әріптестік шең­берінде көптеген жаңа идеялар туды. Бүгінде Өскеменде екі жаңа аудан жедел дамып келеді. Сондықтан Барнаулдың тәжірибесін облыс орталығында енгізу жағын қарастырамыз. Халыққа арналған әлеуметтік нысандарды тұрғындарға қолайлы етіп салу тәжірибесі біз үшін өте пайдалы, – деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов. Семей қаласы мен Шемонайха, Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті және Ұлан аудандары тіккен ақшаң­­қан киіз үйлер Сахаров алаңына қазақ ауылы көшіп келгендей әсер қал­дыр­ды. Мерекелік шараға ресейлік қазақ қоғамының өкілдері көптеп келді. Олардың қатарында Шығыс Қазақ­станнан шыққан қазақтар да жетер­лік. Мәселен, Барнаулдағы қазақ мәдени қоғамының директоры Марат Бекмұратов, сондай-ақ, түрлі салада жүрген Қалдыбек Дәуітбаев, Ертай Қажыкеев, Нұрғайша Бәрінова және тағы басқа қандастар бар. Жалпы, қазіргі кезде Алтай аймағында 10 мыңнан астам қазақтар тұрады. Айта кеткен ләзім, Б.Сапарбаевтың ұсынысымен Барнаулда қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылған болатын. Бұрын елімізде еңбек етіп, Ресейге қоныс аударғандар ішінде «Алтайская правда» газетінің бұрынғы тілшісі және редакторы Александр Козлов, бұрынғы Самар ауданының партия қызметкері Раис Ковтун, «Малиновое озеро» сауда үйінің жетекшісі Игорь Кунукпаев сынды шығысқазақстандықтар да туған жерлерін сағынғанын жеткізіп, екі ел арасындағы достық дәнекері болғаны үшін ризашылықтарын білдірді. Алтай өлкесінің губернаторы А.Карлиннің айтуынша, 2013 жылы Алтай аймағындағы жалпы тауар айналымының үштен бірі Қазақстанға, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысына тиесілі екен. Соңғы жылдары шекарааралық байланыстар Шығыс Қазақстанның Шемонайха, Глубокое аудандары мен Ресейдің Змеиногорский, Локтевский, Третьяков аудандары арасында жақсы жолға қойылған. Іскерлік байланыстарды жетілдіру мақсатында өткен бизнес-форумда екіжақты жаңа құжаттарға қол қойылды. Мәселен, өскемендік «Жанельхолдинг» ЖШС мен ресейлік «Электротехмонтаж» серіктестігі облыс аумағында шағын және орта қуатты жылу қазандықтарын шығаратын бірлескен кәсіпорын құрмақ. Бүгінде Алтай аймағында 670 шығыс­­­­қазақстандық студент білім алып жатыр. Өңір басшысы Алтай аймағында қазақ тілінде оқытатын мектептердің жұмыс істеп тұрғанын, бұл ретте ұлтаралық келісім моделі Шығыс Қазақстан облысында да нәтижелі жүзеге асып жат­қанын жеткізді. Сонымен бірге, ресей­ліктерді Шығыс Қазақстанда өтетін маңызды іс-шараларға, оның ішін­де «Шағын ЭКСПО» көрмесі мен «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халық­аралық үйлестіру кеңесінің отырысына, Шы­ғыс Қазақстаннан шыққан белгілі азамат­тардың форумына қатысуға шақырды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.