• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Мамыр, 2022

Кадр саясатын жетілдіруге ерекше мән беріліп отыр

256 рет
көрсетілді

«Қарулы күштерде әрбір офицер мен сарбаздың кәсіби біліктілігі, моральдық-жауынгерлік рухы жоғары деңгейде болуы керек». Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов мәлімдеді.

С.Камалетдиновтің айтуынша, қазіргі таңда кадрлық әлеуетті арттыру мақ­са­тында әскери білім беру жүйе­сін дамыту және кадр саясатын жетілдіру іс-шаралары қабылдануда. Бұл іс-шаралардың түпкі мақсатында әскери қызметшілердің кәсіби құзыретін кеңейту, лайықты жоғарылату және ашықтық қағидасымен олардың мансаптық өсуін қамтамасыз ету жатыр.

«Осыған орай Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Бұл мақсатта «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгейлі жүйемен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтылған. Неғұрлым тапшы ма­ман­дықтар, сондай-ақ қажетті ма­ман­­дықтар бойынша даярлық шетел­дің жетекші әскери оқу орындарында ұйымдастырылған», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөнінде бір­қатар бастама пысықталып жатқанын да айтты. Мәселен, 2007 жылдан бастап БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысқан. Сонымен қатар 1992-2001 жылдар аралығында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 9 мыңнан астам әскери қызметшісі Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейту міндетін орындады. 2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейін қазақстандық «Қазбат» батальонының инженерлік-саперлік жасағы құрамында 300-ден астам әскери қызметші Иракта миссиясын орындады. С.Камалетдиновтің мәлімдеуінше, Қазақстан қазақстандық бітімгерлер үшін қосымша квоталар алуға, елдің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге мүдделі.

«Әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткеру кезеңінде «кредиттік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеу­де сарбаздар отбасыларына жеңіл­дік­тер беру ұсынылады. Өзге де ұсыныстар білім беру секторында жеңілдіктер беруге қатысты болып отыр. Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың экономиканың нақты секторында сұраныс­қа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығуы жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ «тегін техникалық және кә­сіп­­тік білім беру» жобасын іске асыру шең­берінде Қорғаныс министрлігі бү­гін­де еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық даярлайтынын атап өткен жөн. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қыз­мет­шілердің тұрғын үй қатынастары мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қыз­меткерлерінің әлеуметтік топтамасын жақ­сар­туға, әскери қызмет өткеру мәселе­ле­рін рег­ламенттеуге бағытталған», деп атап өтті генерал-лейтенант.

Қазіргі уақытта «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Құжат азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту саласына оң септігін тигізеді.

Спикер сондай-ақ Қазақстан Прези­денті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша объектілердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында ірі қоймалар мен әскери қоймалар салу, сондай-ақ сақтау объектілерін техникалық күзет құралдарымен және автоматты өрт сөн­діру жүйелерімен жабдықтау көз­делген.

«Ең бастысы, мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерді қатаң сақтау. Заң жүзінде қой­малар айналасында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды құруға байланысты қатынастар реттелген. Жергілікті атқарушы органдардың осы талаптарды қатаң сақтауы маңызды», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Ал Қарулы Күштер Бас штабы басты­ғы­ның орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Борамбаев брифинг барысында жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған іс-шараларға кеңінен тоқталды.