Қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Біз білмейтін шығармалары да бар екен. Облыс орталығындағы Торайғыров университетінде өткен «Мәшһүр Жүсіптің тарихи мұрасы мен қоғамның рухани дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мәшекеңнің бұған дейін жария болмаған шығармалары үш томдық болып шығатыны сүйіншіленді.
Аталған білім ордасында 2004 жылдан бері ғылыми-тәжірибелік орталық жұмысын жалғастыруда. «Мәшһүртану» пәні де енгізілген. Осы уақытқа дейін М.Ж.Көпеевтің шығармалары мен энциклопедияларының 20 томдығы жарық көрді. Балаларға арналған иллюстрациялық әңгімелер жинағы да оқырманға жол тартты. Қазіргі уақытта орыс тіліндегі үш томдық әзірленіп жатыр екен. Оның құрамында бұған дейін жария болмаған шығармалары енгізілмек.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова Мәшекең тарихты шежіре арқылы жеткізгенін атап өтті. «Мәшһүр Жүсіптің жазба дәстүрі бірегей әрі өзге ауызша тарих жинаушыларына ұқсамайды. Ол «дала тарихы» бағытының негізін қалаушы», деді тарих ғылымдарының докторы.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы Дінтану, саясаттану және философия институтының бас ғылыми қызметкері Аяжан Сағиқызының айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің мұрасы рухани болашаққа бағыттайды. «Ойшылдың мұрасы әр адам өз халқын, дәстүрін, ұрпақтарын құрметтеп, сүйіп өмір сүру керек дейді. Бұл өмірлік қағидаттар адам тұрмысының мағынасын анықтауға көмектеседі. Бірақ Мәшһүр Жүсіптің негізгі идеясы болашаққа апарар жол туған жер, адамдарға деген сүйіспеншілік арқылы жетеді деген пікірге саяды», дейді философия ғылымдарының докторы.
Павлодар облысы