• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кино 07 Мамыр, 2022

«Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдерінің қаһарман прототиптері кім?

604 рет
көрсетілді

Шынайы оқиғаға негізделген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдері қазақстандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені рас. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бастамасымен қолға алынған қос туындының нақты қаһармандары бар. Олар біздің арамызда жүр, деп жазады Egemen.kz ҚР Ұлттық Ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, ««Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдерінің қаһарман прототиптері кім?» деген сауалдың жауабын білгіңіз келсе, онда бүгінгі мақаламызды соңына дейін оқып шығыңыз көзіқарақты оқырман.

«Қазбат» көркем фильмі Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында, 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды. 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда, қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды. Сол сойқан соғыста взвод командирі болған отставкадағы аға лейтенант Қайратбек Сәтбаев.

Кейіпкеріміз 1971 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Кез келген ауыл баласындай қара шаңды қуалап жүріп ер жетті. Мектеп бітіріп,. 1991-1993 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы ІІМ Ішкі әскерлерге қарасты 5485 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеді. Кейін осы ұжымда келісімшарт негізінде әскери қызметке қалды. 1994 жылы Алматыдағы ҰҚК Әскери институтында 3 айлық экстернатпен офицерлік білім алып, алғашқы лейтенанттық шенді тақты. Тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясы бастаған 7 рота қатарында жат елге аттанды. Пшихарв шатқалындағы шайқас туралы былай деп есіне алады.

- Бастапқыда не болғанын аңғармай қалған біздің бойымызда қорқыныш пен үрейдің ұялағаны анық. Бірақ, ажалмен бетпе-бет келген сайын қайратқа мінеді екенсің. Моджахедтер әу дегенде-ақ алдыңғы және артқы жақтағы көліктерді гранатометпен атып, күлін көкке ұшырып үлгерді. Көк түтін, суылдаған оқ. Әп-сәтте жанымдағы взвод жігіттерін жинап, автокөліктің дөңгелектерін қалқан қылып, тығылдық. Жауынгерлерге «мен бағытты айқындайтын оқтармен атамын, сол жерлерді нысанаға алып, сендер де солай қарай оқ жаудырыңдар» деп бұйрық бердім. Ізі ұшқындап анық көрінген оқпен жауды нысанаға алып атып жатырмын. Артынан сол бағытта сарбаздарым да оқ жаудырды. Қия дүздің бір тұсынан шыққан оқтың үні өшсе, ендігі кезекте автоматтың үні басқа жақтан сақылдап қоя береді. Міне осылай ұрыс жалғасып жатты. Минуттар сағаттай, сағаттар бейне бір тәуліктей жылжыған сын кез еді ол бір. Жаралыларды жинап, жақын маңдағы бтр-дың қалтарысына жеткіздік. Он екі жарымдарда басталған сойқаннан да біраз уақыт өтіп, сағат тілі үшке тақапты. Әр қайсымыздың бойымызда «өмір, мен тірі қалуым керек» деген жұдырықтай жүрек қайраттана соғады. Сондағы жауынгерлердің ажалдан қаймықпай, Отан алдында берген анттары үшін батырлықпен арпалысқа түскен түрлерін көрсеңіз ғой. Бастапқы да сескеніп қалсақ та, міндетті атқарудан артық парыз жоқ екенін барлығымыз бір адамдай түсіндік,- Қайратбек Сәтбаев.

Шайқас аяқталғанымен кейіпкеріміз үшін сол соғыстың салған жазылмас қасіреті жаңа басталғандай еді. Мұндағы айтпағымыз, осы ұрыстан кейін елге жаралы оралған Қайратбектің аяғына 5 мәрте ота жасалды. Тек оның соңғысы ғана тиімді болып, төрт жылдан астам уақыт кереуетке таңылған аяғымен тік тұрып, жүру бақыты бұйырды. “Жығылғанға – жұдырық” демекші, жарасына емделемін деп жүріп, қабылдаған дәрі-дәрмектің кесірінен екі бүйрегі бірдей істен шығып, ауыр науқас күйге түсті. 24 жасымнан бастап мүгедектікке шығарылды, қазір 1-ші топтағы мүгедек. Атың өшкір соғыс атаулының қасіреті деген осы. Ұлттық ұланның жеке құрамы жабылып, 4 миллион теңгеге жуық қаражат жинап қымбат ем жасады. Қатыгез соғыстың куәгері болып, мүгедек атанса да, Жаратқан оған отбасы бақытын нәсіп етті. Қазір жан-жарым Әлия апай екеуі Мәншүк және Меруерт атты қыздарды өсіріп отыр. «Ендігі уақытта еліміздің тарихында осындай қантөгіс орын алмасын, төбемізде мәңгілік бейбіт аспан орнасын деп тілеймін. Бала жылап, ата-ана қайғырмаса екен. Сол ұрыста қаза тапқан жаужүрек жігіттеріміздің қай-қайсысы болса да, батыр атағына лайық. Олардың рухтарына мың тағзым етемін»,-дейді әскер ардагері.

Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі «Алтыншы бекет» туындысы түсіруге негіз болды. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген. Ол мылтықпен ауыр жарақат алған кезде де жауынгерлік постты тастамады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери борышын орындаудағы жанқиярлық әрекеттері үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ерболдың өзі мұны ерлік деп санамайды. Оқиға туралы айтып өткенімізде өз естелігімен бөлісуге келісті.

- Әлі есімде... Ақтау қаласы, 2010 жыл қатардағылардың бірмін. Отан алдындағы азаматтық міндетімді адал атқару мақсатымен әскери қатардамын. Сол жылдың 22 маусымы ел жадында, Ұлттық ұланның тарихында сақталып қалды. Мен кезекті сарбаздық міндетімді атқару барысында өзіме сеніп тапсырылған аймақта бекет сақшысымын. Күн әдеттегідей бірқалыпты өтіп жатқан еді. Таңғы сағат бес шамасында «іштен шыққан жау жаман» дегендей бір топ қаруланған сотталғандар шабуыл жасады. Құрамында 21 сотталғандардан тұратын қарулы топқа қарсы төтеп беру оңай болған жоқ. Қолымнан келгенше жан аянбадым. Бойымда барлығы қашып кетпесе екен деген қорқыныш, үрей болғаны рас. Егерде олар бостандыққа шығып кетер болса, қаншама бейбіт қала тұрғындары зардап шегетінін есіме алып, бар бойымдағы күш-жігерді салып оларды тоқтатуға әрекет жасадым. Есімді ауруханда жинадым. Маған қолдау көрсеткен Ұлттық ұлан басшылығна айтар алғысым зор, дейді ол.

Аталған ерліктен кейін, Ербол Отарбаев Ұлттық ұлан Академиясында оқуға түсіп, офицер атанды. 6698 әскери бөлімінде алғашқы қызмет жолын бастады. Бүгінде елордалық жедел бригада 5573 әскери бөлімінде батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.