• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

САЛИҚАЛЫ ҚОРДЫҢ САЛЫМШЫСЫ БОЛ

558 рет
көрсетілді

Егер бүгінде ел түрлі қаржылық саясатқа күмәнмен қарайтын болса, оның себебі аз емес. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында бүкіл тапқан-таянғанын жинақ банктерінде күйдірген елдің өкініші әлі өксітіп жүргендерді табу қиын емес. Оның үстіне үздіксіз инфляцияны, валютаның девальвацияға ұшырағанын, аяқ астынан келіп киліккен дағдарысты көрген халықтың көңілі секемшіл. Дәл осындай жағдайда жұмыс істеп жатқан еліміздің жинақтаушы зейнетақы қорларына салымшылардың сенімінен шығу үшін екі есе тер төгуге тура келеді. Ендеше, салымдарымызды сеніп тапсырған Жинақтаушы зейнетақы қор­лары жылдар бойы бейнеттеніп жи­наған салымдарымыздың зейнетін көруге кепілдік бере ала ма? Осы жал­пы сұраққа – жалқы да нақты жауап беру үшін “Ұлар Үміт” зейнетақы қорының қызметіне үңіліп көруді жөн санадық. Неге таңдау “Ұлар Үмітке” түсті? Өйткені, аталмыш зейнетақы қоры елімізде алғашқылардың қата­рында ашық саясат ұстанғанын БАҚ өкілдері ұдайы айтып та жазып та келеді. Өз қызметін бүкпесіз жария етіп, оған қоса, салымшыларының жинақтарын да айтарлықтай өсіруге қол жеткізгенін мәлімдеп отыр. Мә­селен, 2009 жылдың қорытындысы бойынша салымшының әрбір 100 мың теңгесіне 22 мың теңгеден инвести­циялық кіріс келтірілген. Мұндай көр­­сет­кішпен қазірге мақтана қоятын Қа­зақстанда өзге зейнетақы қоры жоқ. Оның үстіне аталмыш қор соңғы 12 айдың қорытындысы бойынша да көшбасшылық позицияға көтерілді. Қордың кәсіпқой менеджерле­рі­нің пайымды қадамы жаңылыстыр­ма­ғаны анық аңғарылады. Өз салымшы­ларының 98 пайызы зейнет жасына жетуге ерте екендігін ескере отырып, “Ұлар Үміт” табысы төмен облиция­лар­ға емес, мерзімі ұзақтау болса да ай­тарлықтай кіріс келтіретін са­ли­қа­лы компаниялардың акцияларын са­тып алуға ұмтылғаны ұтымды қа­дамдардың қатарынан көрінеді. Олай дейтініміз, нарық қайта жанданып келеді және мұндай жағдайда ұлттық ауқымдағы компаниялар мен жүйе­құрушы компаниялардың акциялары қымбаттамаса, арзандамайтыны анық. Сатып алынған ЛУКОЙЛ, ГазПром сынды салиқалы компаниялардың акцияларының бағасы барлық кезде құнын жоғалтпақ емес. Қарапайым салымшылар үшін мұндай қаржылық тетіктерді біле жүрген артықтық етпейді. Мұнан да бөлек, аталмыш қор ак­циялардың халықаралық және өр­ке­ниетті нарықпен қоян-қолтық жұмыс істеп отыр. Мұндай жетілдірілген, уа­қыт тезінен өткен нарықта айла-шар­ғы да аз болады. Сондықтан да “Ұлар Үміттің” салымшылары халықаралық нарық нормалары арқылы көзсіз тә­уе­келдерден қорғалған деуге негіз бар. Ең бастысы “Ұлар Үміт” – елі­міз­дегі нарықтық құны бойынша ин­вес­тициялық құралдары бағаланған (түр­лі есептік саясаттармен) жалғыз қор. Бұл бағалаудың ең сенімді де бірегей тетігі. Яғни, акция сатуға бо­ла­тын бағамен бағалануы тиіс. Мұн­дай әділ баға жоқ қорларда төмен­де­гідей келеңсіз жағдайлар орын алуы әбден мүмкін: бір салымшы қордан шы­ғады да басқа қорға жи­нақ­та­рын (шын мәнінде жоқ, жоғары б­а­ғаланған акциялар бойынша) әкетеді, ал қорда қалған келесі салымшы – ештеңе да ала алмай қалуы кәдік. Құралдарды негізсіз қымбат бағалау түптің түбінде акциялардың белгі­ленген бағасынан арзанға сатылып, тіпті сатылмақ түгілі өтпей де қалуы мүмкіндігіне әкеліп соғады. Яғни, қор­жынның сапасы нашарлайды. Оның үстіне дағдарыс жағдайында ішкі нарықта дефолттық компа­ния­лардың бар екендігін ұмытпау қажет. Қоржынның құны құлдырады дегенше салымшылардың пози­ция­сы да құрдымға кете бастады де­ңіз, яғни реттеуші нормалар орын­далмай, қор дағдарысқа бой алдыра бастайды. Егер салымшы қоржынның жағ­дай­ынан хабардар болып отырса – келе­шегінен да хабардар болып отырады деген сөз. Өкінішке орай, еліміздегі өз­ге қорлардың қоржыны – қара жә­шік сияқты, ішінде не болып жат­қанын құмалақ салып та білу қиын. Құр сөзге мына құбылып тұр­ған заманда сенуге бола ма? Осындай жағдайда “Ұлар Үміт” зейнетақы қорының ашық саясат ұс­та­нып отырғаны қордың өзін де, са­лым­­­шыларды да адастырмағанын көр­­­сетеді. Ашық саясат бар жерде адал­дық да жауапкершілік те бар. Осы арада 2012 жылға қарай атал­мыш зейнетақы қоры стратегиялары түрлі табыстылық пен құралдарға ба­ғытталған, қоржынның үш түрін ен­гізбек: агрессивті, консервативті және теңдестірілген. Ал таңдауды салым­шы­ның өзі жасайды. Бұл қаржы құ­рал­дарының қалай жұмыс істейтіндігі, қандай кіріс әкелетіні жайлы қор өз салымшыларына мақалалар арқылы баяндап, қордың call-орталықтары ар­қылы түсініктемелер беріп отырмақ. Қысқасы, қор өз салымшылары үшін қаржылық кеңесшінің де қызметін атқаратын болады. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.