• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Мамыр, 2022

Қапшағай қаласына Қонаевтың аты салтанатты түрде берілді

1277 рет
көрсетілді

Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне байланысты шаһарда салтанатты шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев елімізде 43 қаланың салынуына атсалысты. Соның 7-еуі Алматы облысындағы Есік, Қаскелең, Сарқан, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сосын осы Қапшағай, яғни қазіргі Қонаев қаласы. Сондықтан, өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – лайықты құрмет көрсету деп білеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен, қала халқының қолдауымен тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Қаланы қалыптастыру, ГЭС пен су қоймасын салу – Дінмұхамед Қонаевтың тікелей еңбегі. Сонымен бірге, Президенттің Жарлығына сәйкес облыс екіге бөлінгеннен кейін Алматы облысының орталығы - Қонаев қаласы болады деп бекітілді. Бұл қаланың дамуына жаңа серпін беріп, мегаполистің маңайындағы аудандардың қордаланған әлеуметтік мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік жасайды», деді салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Облыс басшысының айтуынша, алдағы уақытта Қонаев пен Алматы қалаларының арасын серіктес қалалар жалғайды. Қазір қажетті инфрақұрылым жасалған, қала одан әрі де дамиды. Бұл ретте жобаның жаңартылған тұжырымдамасында қала экономикасының өнеркәсіптік, туристік, ойын-сауықтық бағыттарын дамыту қарастырылған. Демек, бюджет түсімі мен тартылатын инвестиция көлемі артады деген сөз.

«Қалаға жаңа атау беріліп, жаңа мәртебеге ие болуы – өзгерістің басы. Қазірдің өзінде тұрақты жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын көбейту, қаланың инфрақұрылыммен қамтылуы мен көркейтілуін кешенді түрде қарастыратын жоспар әзірленіп жатыр. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, қай жағынан болсын жаңа тарихы басталды деп сеніммен айтуға болады. Қонаев қаласының тұрғындары да өзгерістерге белсене атсалысады деп сенеміз», деген Қанат Бозымбаев көпшілікті Жеңіс күнімен және қала атауының ауысуымен құттықтады.

Айта кетейік, шараға мемлекет және қоғам қайраткерінің туған-туыстары, замандастары мен әріптестері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғылым мен шығармашылық иелері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен, қаланың орталық алаңындағы Д. Қонаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Мұнда Алматыдағы Д. Қонаев атындағы музей экспонаттарының көшпелі көрмесі өтті. Онда Дінмұхамед Ахметұлының жеке заттары мен фотокөрме орналастырылған. Шара мерекелік концертке ұласты.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтылса, бұл пікірге қосылатынын жеткізді. Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаев есімін беру ұсынысы бірауыздан мақұлданды. Қапшағай қаласына Қонаев аты ресми түрде берілді.