Нұр-Сұлтанда көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарыстың командалық сайысы жергілікті спортшылардың жеңісімен аяқталды.
Елордалық қыздар 54.000 ұпай жинап, бас жүлдені олжаласа, екінші орынды Шымкенттің қыздары иеленді. Олардың қоржынында 48.300 ұпай бар. Үшінші орында – Алматы қаласы. Алатау баурайынан келген қыздар 45.150 ұпайды еншіледі. Жекелеген бәсекеде Елжана Тәниеваға тең келер ешкім табылмады. Кезінде қыздар арасында Азия чемпионы және Азия кубогының иегері атанып, бұл күндері халықаралық додаларда жүлде алып жүрген Шымкент қаласының өкілі осы жарыста да асқан шеберлік танытып, алтыннан алқа тақты. Елжананың жерлесі Баян Қойбағар күміс медальды мойнына ілді. Бұл гимнасшы да соңғы кездері айшықты өнерімен көзге түсіп, бірқатар ірі додада жеңіс тұғырына көтерілді. Нұрсұлтандық Сәбина Бақатова қола жүлдеге қол созды.