• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Мамыр, 2022

Қарағандылық оқушылар мейірбике-робот пен пилотсыз автомобиль құрастырды

401 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен WRO-2022 робототехника бойынша Ұлттық олимпиаданың аймақтық кезеңіне өңірден 27 команда қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Командалар үш жас санатында төрт бағыт бойынша жарысты: RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future engineers.

«Олимпиада «My robot - my friend» тақырыбына арналған және адамның күнделікті өмірінде жасанды интеллектті қолдануға бағытталған», деп атап өтті ұйымдастырушылар. Нұра ауданынан келген «Тассуат» командасының қатысушылары Артём Бирюков пен Дмитрий Попов мейірбике-робот жасап, Future Innovators кіші шығармашылық санатында жеңіске жетті.

«Идея өткен жылдың қыркүйек айында, пандемия кезінде пайда болды. Мейірбике-роботты жасау үшін екі жарым ай қажет болды. Біз оны мектептің кіреберісіне қойдық. Робот адамның температурасын байланыссыз өлшеп, айта алады, қолды антисептикпен өңдей алады», деді команда жетекшісі, мектеп мұғалімі Павел Бирюков.

Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың «64 bit» командасы пилотсыз автомобиль моделін жасап, жеңіске жетті.

«Менің оқушыларым Арынғазы Бағдаулет пен Әлихан Сейітқали Future Engineers санатында бірінші орын алды. Балаларға кедергілері бар маршрутты еңсеруі тиіс пилотсыз автомобиль моделін жинау міндеті қойылды», деп атап өтті команда басшысы Айдар Сейілханов.

Қазылар алқасы барлық төрт санат бойынша жеңімпаздарды іріктеді. Үздік командалар сертификаттармен марапатталды және маусым айында өтетін WRO-2022 ұлттық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.

Аяна Тоғанбек