Көкшетауда Алаш ардақтысының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өткізілді.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне, болашағының баянды болуына адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері. Жазықсыз «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген қайраткердің артында қалдырған мол мұрасы – сарқылып бітпес қазына.
Конференцияға алыс-жақын шетелдердің әйгілі ғалымдары, әдебиеттанушылар, тарихшылар, зиялы қауым мен жастар қатысты. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы, елді біліммен сусындатқан ағартушы, ана тілімізді түрлеуші, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін әлемдік деңгейде насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу керек.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл баршамыз «Алаш» қозғалысының қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтудеміз, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев, – бүгінгі конференция еліміз үшін абыройлы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шаралардың бастауы болмақ.
Ұлы ғалымның шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты өңіраралық айтыс, «Рухани көсем» тақырыбында театрландырылған қойылым және тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында облыстық байқау өткізілетін болды. Жыл бойына жоспарланған іс-шараларда «Ахмет тағылымы» онкүндігі, «Ұлттың рухани көсемі» тарихи сағаттары, «Ұлттық сана сәулесі» әдеби кештері, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» филологиялық симпозиумы, жас тарихшы-өлкетанушылардың форумы өтеді деп белгіленген. Қазіргі уақытта Степногор қаласында 1 мектеп пен облыстағы елді мекендердегі 22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліпті. Биыл Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының 2 орта мектебіне, көшелерге ғалымның есімі берілетін болады.
Пленарлық мәжілісте Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Маханбет Жүсіпов «А.Байтұрсынұлы еңбектерінің фонология ғылымындағы орны» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның әлем тіл ғылымына, әсіресе түркологияға қосқан ересен еңбегін атап өтті. Түркияның Памуккале университетінің профессоры, ғылым докторы Нергиз Берай онлайн байланысқа шығып, әсерлі сөз сөйледі. Осылайша, ұлт ұстазының ұлы еңбегі лайықты ұлықталды.
Көкшетау