Ол кезде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакциясы Алматыдағы ЦУМ деп аталатын Орталық дүкеннің маңайында, Горький көшесінің бойында еді. Бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің қиылысқан тұсындағы ғимаратта орналасқан. Газет өз заманындағы қазақ жастарының сүйікті басылымы, ақылшысы, рухани серігі. Жас қаламгерлердің ыстық ошақ, жылы отауы. Қысқасы, газеттің қоғамдық ортадағы беделі аса жоғары, дәуірлеген жұлдызды шағы-тын. Көңіл төрінде қалған сол бір әзіз жылдарды Фариза Оңғарсынова апамыз былай деп еске алыпты: «Бүгіндері баланы да, үлкенді де арбап алған көгілдір экран ол кезде жоқ. «Ленжас» республиканың әр түкпірінде жастың да, жасамыстың да қолынан түспейтін басылым еді. Очерк, әңгіме, топтама өлеңдердің үтір-нүктесіне дейін қалдырмай, астын сызып шұқшия оқитынбыз. Шағын хабар, соңғы беттегі әзіл-сықаққа дейін түгін қалдырмай ақтарып шығатынбыз».
Партияның қол астындағы, жіті бақылауындағы шырғалап, шырмап ұстап отырған өзге басылымдар айта алмайтын тақырыптарға осы жастар газеті ғана барып жүрді. Редакцияда «сен тұр, мен атайын» дейтіндей өңкей бір текті де тегеурінді жастар істейтін. Жоғарғы билік те «е, жастар ғой» деп бұл газетке кешіріммен қарайтынын сезетінбіз. Оның үстіне газеттің редакторы күндей күркіреген Шерхан Мұртазаев ағамыз еді. Қашанда принципті, әділ басшы Шерағаң одағай пікір, мұртты мақаланың өзін де, оның авторын да биліктегілерге талауға бергізбейтін. Бастықтардың алдында кеудесімен де, күркіреген үнімен де қорғай білетін жалаңтөс баһадүр. Қарсы келгеннің аузын қайыстырып жіберетін қасқаның нағыз өзі. Әншейінде әзілқой, қалжыңбас Шерағаң елдік мақсат, ұлттық мүдде сияқты принципті мәселелерде сөзінен аяз, үнінен үскірік есетін адуын, айбаты арыстандай, мінезі ноқ. Содан билік басындағылар да ағамыздың торсаң мінезінен қаймығатын, сыйлауға мәжбүр болатын.
Сол Шерағаң аю жортқан Алтайдың шалғайында балағын түріп тастап шөп шауып жүрген жерінен Оралхан Бөкеевті өзі арнайы шақыртып, жастар газетіне қызметке алғанын білетінбіз. Қызмет болғанда да қатардағы тілшілікке қабылдаса да шоң жаңалық, зор табыс қой... Шерағаң әлі жоғары білімі жоқ, КазГУ-дің журналистикасында сырттай оқып жүрген Оралханның талантын қырағы қырғидай қырымнан танып, бірден газеттің әдебиет бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды.
Мен Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы Көркемсурет училищесіне оқуға түскен кезім. Оралхан ағамыз Айман жеңгеймен Никольск базарының маңайында, көп «линиялардың» бірінде өлмелі бір кемпірдің лашығын жалдап тұрады. Біз анда-санда сол үйге барып, Айман жеңгеміздің дастарқанынан дәм татып, аш-құрсақ қарнымызды қампитып жүрген уақыт. Ол үйде жиі-жиі Мәншүк апайымызбен де ұшырасып қаламыз. Орағаңның ЖенПИ-де оқитын осы Мәншүк қарындасы керемет бауырмал еді, тілге ділмар, сөзге шешен болатын. «Оралхан ағаң құйрық-жалсыз жалғыз, қалған төртеумізді Құдай-тағала қыз етіп жаратыпты. Сен Оралханға іні бол!» – деп мені байлап кеткен де марқұм Мәнсия апайым болатын.
Бірде жексенбіні пайдаланып арсалаңдап әлгі жалдамалы үйіне барғанымда Оралхан: «Сен ертең уақыт тауып біздің редакцияға соғып кетші!» – деген. Ағамыз солай деген соң дүйсенбінің сабағынан кейін кештетіп, салып-ұрып «Лениншіл жастың» редакциясына жеттім. Үшінші қабаттағы жалпақ бөлмеде иін тіресіп бірнеше адам отырады екен. Имене басып, төр жақ бұрыштағы Орағаңа бардым. Орағаң қолымнан жетелеп түрлі түсті қарындашпен бірдеңелер сызып отырған қурайдай арық, қара мұртты қағылез, қара көзілдірікті жігітке ертіп апарды.
– Анада өзіңе айтқан суретші інім осы! Бірдеңе заказ берші, қолынан не өнер келеді екен, өзің байқарсың? – деді де, қайыра өз орнына барып жайғасты.
Мені таныстырған жігіттің аты-жөні Жанат Елшібеков болып шықты. Байқауымша, секретариаттың білдей қызметкері сияқты. Бас редактордың қабылдау бөлмесі іспетті бұл кабинетте бір-біріне түйістіріліп тағы екі стол қойылыпты. Әуелде маған жете мән бермеген оларды жаңа танысым «Мына ағаларың Эрнест Төреханов пен Әскер Исақов, осы секретариатта бірге істейміз» деп менің назарымды аударды. Кейінірек олардың орнына Тұрарбек Бұшпақпаев деген көпті көрген көбелі бір мықтымен, түрі маған ұқсаған елпілдеген шикісары Алашыбай Есмағамбетов деген ағаларыммен таныстым. Әредіктен соң қызметкерлер біреулері үйлеріне қайтып, енді біреулері баспаханаға кезекшілікке кетіп, бөлмеде сопиып Жанат екеуміз ғана қалдық. Жақаң газеттің қалай жасалатынын, баспаханаға алдын ала терімге жіберілген материалдарды қалай орналастырудың құпия-сырларын айтып, газет макетінің қалай сызылып, қалай басылатынын түсіндіріп, біршама «лекция» оқып тастады. Келесі бір нөмірдің макеті дайын екен, біраз ойланып отырды да, үшінші беттің макетін қайта сызды. Содан бір бұрыштан орын қалдырып, «мына жерге сен штрих салып әкел» деп алғашқы тапсырмасын беріп те тастады.
Газетті көріп жүрміз, оқып жүрміз, «штрих» дегеннің не екенін білеміз. Газетке живопись келмейді, акварель жарамайды, тек шымқай қара түспен салынған графикалық сурет қана пайдаланылады. Тіпті «полутон» дейтін күлгін қараны да газеттің басуы қиын екен. Кейінгі офсет басылым әлі шықпаған, газеттің бәрі қорғасында теріліп, фотолар мен штрих-суреттер де қорғасынға құйылатын қыстау заман...
Жатақханаға бардым да түннің бір уағына дейін отырып, қара тушпен графикалық суреттің бірнеше нұсқасын салып тастадым. Таңертең төрт сағаттық «живопись» сабағына қатыстым да, түстен кейінгі «Өнер тарихы» пәнінен қашып, сызған дүниелерімді Жанатқа апарып бердім. Суреттерді Шерағаңа көрсеткен екен, ол кісіге бәрі ұнаған секілді. Сол-ақ екен, Жанат ағамыз тапсырманы маған бастырмалатты-ай дерсің. Редакция алыста, автобуспен барасың, салған суретіңді тапсырасың да, жаңадан тапсырма алып қайыра жатақханаға қайтасың. Бүйтіп ары-бері шапқылау ауырлау тие бастағанын бірде Жәкеңе нұсқалап жеткіздім. Менің штаттағы басыбайлы қызметкер еместігім ағамыздың есіне түсіп, түсіністік танытты, сөйтіп, екі-үш күнде бір кездесетін болып келістік.
Болашақта мықты суретші болсақ деп арман қуған желбір танау, қауырсын қанат бозбаламыз. Үйіміз айғай жетпес Алтайда, әке-шеше көз көрмес шалғайда, қалта болса шұрқ тесік. Өстіп жүргенде, газет менің салған штрихтарым мен суреттеріме қаламақы төледі ғой! Жаутаңдаған жетімек студент үшін бұдан өткен қуаныш, бұдан асқан көмек болмас тегі!
Кейінірек Шерағаң «Жалын» жастар альманахына қызметке ауысып, ол кісінің орнына газетке редактор болып Сейдахмет Бердіқұлов келді. Көп ұзамай редакция Көкбазардың қасындағы жаңадан асқақтай бой көтерген тоғыз қабатты көкшіл ғимараттың жетінші қабатына көшті.
Сейдағаңның суретке көзқарасы, газет безендірудегі талғамы аса нәзік, ешкімге ұқсамайтын бекзат екен. Бізге сабақ беріп жүрген, Ленинградтың академиясын бітірген, Батыс пен Шығыстың көркемсурет тарихын шақпақша шаққан өнертанушы мамандардан бетер. Аңғары ерек, айтары бөлек, көзқарасы алабөтен зерелі жан. Алғашқы таныстықтан соң бөлмесіне Жанат екеумізді қатар шақырып алып, газетке басылар графикалық суреттер жөнінен біршама дәріс оқыды. Газет жастардікі, сондықтан суреттің әрбір сызығы нәзіктікпен өріліп, домбыраның қыл пернесіндей саз шығаруын, тұнып тұрған лирика болуын, романтикаға шақырып тұруы керектігін мықтап ескертті. Өзі де осы бағыттағы идеясын айтып, бірер жеке тапсырмалар беріп тастады. Сейдағаңның осы дәрісінен кейін менің де шығармашылығыма жаңа бағыт, өзгеше өріс енгендей болған. Қысқасы, жаңа редактордың келуімен мазмұны да, мәні де, безендірілуі де дағдыдан тыс, қалыптасқан дәстүрден бөтен сипаттағы жаңа газет пайда болды.
Сейдағаң жауапты хатшы Серік Әбдірайымовқа «Мына балаға қаламақыны дұрыстап қоярсың» деп шегелеп тапсырып тастаған секілді. Менің бағыма орай Серік ағамыз отбасылары араласқан Оралханның жақын досы. Бастығы солай деп тапсырғасын ол ағамыз аянсын ба, маған қаламақыны көзін жұмып бастыра қойып жіберетін болды. Жанат кейде менің газетке қатыссыз жеке графикалық суреттерімді де шағын аннотациялармен таныстырып, бұрқыратып басып жүрді. Осылайша, айына екі мәрте қаламақы алатын мен енді ақшамды қайда жұмсарымды білмей қиналайын...
Менің Жәкеңмен жақындасқаным Оралхан көкеме де қатты ұнаған сияқты: «Байқаймын, сендер өзі бірге туғандай әмпей-жәмпей болып кеттіңдер ғой! Жұрттың бәрі сені «Жанаттың бауыры» дейтін көрінеді. Жанат азамат жігіт қой, жақсы аға тапқаныңа қуаныштымын!» деп ризашылығын білдіргені бар.
Жанаттың айтулы журналист, сыршыл жазушылығынан бөлек, ерекше бір «хоббиі» бар екен. Қолы қалт еткенде, шұқшиып сөзжұмбақ құрастырумен айналысатынын білдім. «Сөзжұмбақ» деген жалпы атауы ғана, ал оның арғы жағы тарам-тарам болып – кроссворд, чайнворд, сканворд, криптограмма, анаграмма, шарада, ребус, т.с.с. деп бөлініп кете барады екен. Бұрын иісін де сезбеген әлгі жұмбақтар тылсымына мен де бойлап кіріп кеттім. Әрдайым әлемдегі сирек деректерді жалықпай теріп жүретін ағамыз тор көз дәптердің бетіне сызғылап алуан дүниелерді құрастырады. Мен оларды ақ ватманға қара тушпен көшіріп, айналасын сөзжұмбақтың тақырыбын ашатындай суреттермен көмкеремін. Сөйтіп, екеулеп жүріп «Сен білесің бе?» атты бас-аяғы жұп-жұмыр кітап шығардық.
Көркемсурет училищесі төртжылдық еді, соның екі жылын аяқтап қалған кез... Жаңадан құрылып жатқан Орта Азия әскери округінің штабына қолынан сурет пен сызу келетін «чертежниктер» керек болып қалыпты. Ол кез – көршіміз Қытаймен арадағы жағдай шиеленісіп тұрған күрделі заман. Екі жыл бұрын Даманскіде әлемді шулатқан қанды қырғын өткен, былтыр өзіміздің Жалаңашкөлде қарулы қақтығыс болған. Штабтағы мұрындары көк тіреген офицерлер мен генералдар өздерінің командирлік қабілеттерін танытып, әскери таланттарын дәлелдеп карталарға айқыш-ұйқыш соғыс қимылдарын түсіреді, түрлі сызбалар мен кестелерді көлденең тартады. Оларды Әскери кеңесте, округ қолбасшысы Н.Г.Лященконың алдында есеп беріп, қызғыштай қорғап жатады. Сол үшін қабырғадай зор карталардың бетіне мұқият сызбалар жасай алатын, сурет сала білетін қолы міскер мамандар керек екен. Сондай суретші студентті іздеп училищеге Винокур деген подполковниктің келгені есімде.
Амал қанша, екінші курс аяқталысымен мені ауылдағы әке-шешеммен қоштасуға да жібермей, бастан-аяқ киіндірді де, бір-ақ күнде әскерге алды да кетті. Қапшағайдың қуаң даласында бір айлық «жас жауынгердің курсынан» өтіп, әскери ант қабылдаған бойда мен Округ штабының «Оперативті басқармасына» тап болдым. Басқармадағы «чертежниктер» сапында маған дейін Ағымсалы Дүзелханов (бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты суретші) пен Фарид Гараев деген ташкенттік татар жігіті істеп жүр екен. «Жиырма бес жылға дейін жұмған аузымды ашпаймын» деген қағазға қол қойған соң, мен осы топқа үшінші болып «службаға» кірісіп кеттім...
Кейде «самоволкаға» шыққанда, САВО штабының дәл іргесіндегі КазГУ жатақханасында тұратын достарға ғана емес, салып-ұрып Алматының «Мехпоселок» атты шағын ауданында пәтерде тұратын Жанат ағаға да баратын едім. Ол үшін аптасына болмаса да, айына бір-екі рет мүмкіндігін тауып, редакцияға телефон шалып қоямын. Оның өзі ағаның тапсырмасы, екі тиындық монетаның бір уысын жинап қалтама салып береді де, «звондап тұр» деп тапсырады. Кейде «ана жолы неге хабарласпадың?» деп ренжіп те жатады. «Курстас досым Серік Мақпыровқа Зайданы таныстыру үшін екеуін үйге шақырғамыз. Сен бірге болса екен деп ойлап едім, звондамадың, келмедің!», немесе «Ел жақтан Қабай інім дәм әкеліпті. Сені күтіп, келмеген соң бауырларым Мешітбек пен Қанағатқа беріп жібердік». Өзі әскери өмірді көрген жоқ, жағасы жайлау «гражданкада» жүргендей-ақ маған жатып келіп ренжиді. Мен не дейін, басымды салбыратып, бәрін де үнсіз мойындаған боламын.
Жатақханадағы Дидахмет пен Сауытбектің «маргарин» майын жаққан қара наны, қара шайымен салыстырғанда, Жанат пен Зина жеңгейдің дастарқанын мейрамхана дерсің. Екеуі мен келеді-ау деген демалыс күндері етін асып, барын жайып, бауырсағын төгіп күтіп отырады. Өздері ғана емес, сол жылдары Жанаттың үйінен қонақ арылмайтын. Үлкен шенді офицерлермен қоян-қолтық араласып, солардың тапсырмасын орындап, Округ штабында жұмыс жасайтын солдаттарды казармада мазалап іздеп жатқан ешкім жоқ. Тек батальонның кешкі «проверкасы» кезінде бар екеніңді білдіріп тіркеліп жүрсең болғаны. Сол кеңдікті пайдаланып кейде сенбіде, кейде жексенбіде ұрланып жатақханаға барамын. Барамын да үстімдегі сары ала «робаны» лақтырып тастап, «комплексиясы» өзіме ұқсаған Ұлықбек Есдәулетовтің киімін киіп аламын. Содан күн батқанша мәзім шығып қала тентіреймін. Ақыры күндердің бір күнінде бүйтіп шошаңдай бергеннің сазайын мықтап тарттым-ай дерсің, оңбай ұсталдым... Өзіміздің батальонның штабы емес, полк та емес, дивизия да емес, тұтас Әскери округтің, яғни Майдан штабының жауынгері қашып-пысып «самоволкада» жүрген соң несін сұрайсың! Жұртқа қарар бет жоқ, халық жауынан қиын жағдайға тап болдық. Ақыры, жұмақтай болған Алматыдан шырылдап «жер аударылып», Тәжікстанның ми қайнатқан оңтүстігіндегі Қорғантөбе деген қаласынан бір-ақ шықтық.
* * *
Секретариат дегенің газет атаулының ұстаханасы саналады. Бөлім қызметкерлері шоқтай үйіріліп сол секретариатты айналып-торып жүргендері. Өйткені материалдардың бәрі осы секретариатта тоғысады, осы жерде макеттеледі, суреттер салынып, фотолармен безендіріледі, содан кейін ғана баспаханаға жіберіліп жатады. Соны білетін Сейдахмет ағамыз газеттің безендірілу жағына, яғни секретариат жұмысына айрықша маңыз беретін. Ол жерде отырған журналист жастардан үнемі жаңашыл бастамалар, орамды ойлар мен пайымды пікірлер күтетін. Маған «штаттан тыс тілші» деген қып-қызыл куәлік беріп, қуантып қойғаны тағы бар. Жанаттың іскерлігі мен таланты, ұйымдастырушылық қабілеті осы секретариатта жүргенде жарқырай ашылды. Кейінгі бір жылдары полиграфия саласында революциялық бетбұрыс жасалып, газет-журналдар офсеттік тәсілге көшірілді, өмірге «фотонабор» дейтін озық технология енді. Жаңалық атаулына қалт жібермейтін Сейдағаң осы өзгерістерді білгірлікпен тиімді пайдаланып, газеттің бет-бейнесін ғаламат көріктендіріп жіберді. Жанат екеумізді қатар шақырып алып, газет бетін өрнектеуге, суретпен безендіруге байланысты жеке тапсырмалар беріп жүрді. «Бөлімдерден әзірленіп шыққан әрқилы материалдарды мазмұндарына сай көркем безендіріп, қыздың жиған жүгіндей жұтындырып, ажарын ашып беріңдер. Макет дегенің үлкен өнер екенін ұмытпаңдар!» Міне, мұндай байлам – Сейдахмет ағамыз секілді көреген де, кірпияз басшының айнымас қағидасы болатын.
Ол заманда Наурыз дегенді естігеніміз болмаса, әдібін түсінбеппіз, мәні мен мазмұнына бойламаппыз. Өркениетті империяның атеист азаматы ретінде атап өтуге тыйым салынған діни мейрам деп қабылдайтынбыз. Төбеміздің тесігі, ақылымыздың есігі ашылып, санамызға сәуленің түскені бертінгі кез ғой. «Ленжастың» журналистері газеттің «Көктем нөмірі» деп аталатын, сегіз бет болып шығатын санын дайындауға алдын ала, бір ай бұрын кірісетін. Жігіттер мен қыздар жүрек түкпірінде жинап жүрген әдемі идеяларын, сақтап жүрген романтикалық материалдарын, асыл ойларын ағыл-тегіл осы нөмірге төгетін. Олардың бұйығы жүрген шын таланттары, қаламгерлік ересен қабілеттері, алаулаған жастық жалындары осы нөмірде жарқырап ашылғандай болушы еді. Әдетте газеттің бұл нөмірі әдеткі қара түске қосымша жасыл бояу қосылып шығады. Яғни маған сурет салуыма да кеңірек тынысты жол ашылатын. Көктемнің жауқазын гүлдерімен әлем-жәлем безендірілген айтулы бұл нөмір март айының 22-сі күні жарқ етіп көп таралыммен еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартатын.
Кейін білдік, Сейдахмет ағамыз алаулатып-жалаулатып жұртқа жария қылмай-ақ, идеологиялық тегершігі бекем қоғамда «Көктем нөмірі» деген желеумен халқымыздың Наурыз мерекесін осылай атап өтеді екен ғой. Япырай десеңші, істің көзін таба білетін кемел басшы осы ағамыздай-ақ болсын! Қалайша риза болмассың, қалайша қайран қалмассың! Жатқан жеріңіз жарық болсын, нұрыңыз пейіште шалқысын, тар заманның ауанын кеңейте білген елжанды асыл аға!
Сөйтіп, жастар газетінің мазмұны мен сапасын көркейткен Жанат Елшібековті ел өмірінің айнасы саналатын бас газетіміз – бүгінгі «Егемен Қазақстан» қызметке шақырады. Бірақ Сейдағаң жібермейді. Қатарынан үш жыл құда түскен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы бірден газеттің бөлім меңгерушісін ұсынған кезде ғана Сейдағаң талантты шәкіртіне батасын бергені есте. Жастар газетінің қызметкеріне бөлім тізгінін ұстату ол кезде сирек құбылыс. Алғашқы жылдары газеттің көркемдеу-безендіру бөлімін басқарған ол кейінірек жаңалық-хабар, туризм-спорт, экономика бөлімдеріне жетекшілік жасады. Зейнет демалысына шыққанға дейін газеттің жауапты хатшысы лауазымында ширек ғасырға жуық жемісті еңбек етті.
Қатар жүрген әріптестерінің, былайғы жұртшылықтың Жанат ағамызға таққан «Бесаспап» деген тағы бір жанама аты бар. Расында солай... Жанат Елшібеков бүгінде белгілі жазушы, танымал журналист, еліне қадірлі қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Қазақтың қара сөзінің ақтангері, қара тілінің тайпалған жорғасы Ғафу Қайырбеков інісіне арнаған мақаласында: «Жанатта жазушыға керек екі нәрсе – суретшілік талап пен әдемі көркем тіл – екеуі де бар. Сондықтан Жанат Елшібеков жалпы әдебиетімізге, оның ішінде балалар әдебиетіне нағыз суреткер, талантты профессионал жазушы ретінде қосылып отыр» - деп, ағалық алғаусыз көңілін төгіпті. Ал өмір бойы сөзжұмбақты «хобби» еткен адамның білмейтіні жоқ, жан-жақты эрудит, интеллектуал болатыны белгілі жайт. Ағамыздың ондай қыры туралы аузы дуалы, сөзі уәлі Шерхан Мұртаза: «Жанат газетке жұмысқа келгенде әуелі сөзжұмбақтан бастады. Сөзжұмбақтың әсіресе өскелең жастарға, жалпы оқырманға пайдасы мол. Адамды ойлануға, ізденуге, оқуға, яғни білімін жан-жақты байытуға, қысқасы оқырманның ойын оятуға итермелейтін тосын жаңалық болды... Жанат – журналист, Жанат – жазушы. Ол не жазса да материалға жан беріп жазады. Шабысы ерек, жүрісі бөлек, ешкімге ұқсамайтын өз өрнегі бар», деп жазыпты. Ақын атаулының ақ баталы абызы Мұзафар Әлімбаев Жанаттың сөзжұмбақ кітабымен танысқаннан кейін Шерағаңның ойын жалғастырғандай болып: «Елшібековтің қаламгерлік жолы қазақ баспасөзінде бұрын болмаған сирек үрдіс, оқырманға өнеге», деп тамсанған екен.
Мен Жәкеңнің алуан қырлы шығармашылық жолына баға беруден аулақпын. Республика баспаларынан шыққан кітаптарының тізімін шұбыртып әуреге түскім тағы жоқ. Кезінде өрелі де, талғампаз қауымның назарын аударған дүниелері кітап храмдарының төрінде, сүйікті оқырмандарының қолында. Оның қаламгерлік қырлары жайында өткен жылдары «Фолиант» баспасы «Бесаспап» атты кірпіштей кітап шығарыпты. Ол кітапта бүкіл саналы ғұмырын қазақ баспасөзін өркендету ісіне арнаған, осы салада несібелі бақытын тапқан ағамыздың шығармашылығы туралы жүзден астам мақала бар екен. Жанатқа деген көрікті сөз бен жүрекжарды тілектерді сол кітаптан оқуға болады.
Менің бүгінгі айтайын дегенім – жастық шағымызда бізге дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен, көңілінің шапағат-шуағымен өмірімізге бетбұрыс жасаған, сөйтіп, азамат ретінде қалыптасуымызға ықпал еткен ардақты ағаларымызға інілік ілтипатымызды жеткізу. Сондай мейірбан жүректі, шарапат тілекті, жансарайының шамы жарық ағамыздың бірі – бүгінде мерейлі жасқа толып отырған Жанат Елшібеков болатын.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты