Футзалдан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың жартылай финалына шыққан қос команда анықталды. Олар – Алматының «Қайраты» мен Рудныйдың «Аяты».
Алғашқы кездесуде алматылықтар Ақтөбенің «Рахметін» 5:1 есебімен ойсырата ұтқан еді. Қарымта матчта да «Қайраттың» үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Бұл бәсекеде Альберт Ақбалықов пен Эдсон дубльдердің авторлары атанса, Диего мен Андрей Графский бір-бір реттен мергендік танытты – 6:0. «Аят» сырт алаңда өткен ойында «Нұр-Сұлтанды» 7:6 есебімен әзер ұтқан еді. Есесіне Рудныйда олар асқан шеберлік танытып, өз жанкүйерлерін желпіндірді. Олар елордалық клубтың қақпасына бес доп соқса, қарсыластары екі голмен ғана жауап қайтара алды – 5:2.