Бестөбе кенішінде 90 жыл бойы жерасты әдісімен алтын алынып келді. Аяғының астында жатқан қымбат металдан жергілікті тұрғындар жырғап байымаса да, жұмыс таба алады, жағдайын түзеуге ұмтылады. Алтынның айналасында небір оқиғаларды бастан өткерген осы Бестөбе ауылында қазір көзге көрінбейтін бір майдан жүріп жатыр. Бұл ақпараттық соғыстың, жалдамалы жазғыштар мен митингтердің басында қандай мүдделі топтар тұр?
Осы сауалдарға жауап беру үшін жуырда «Алтыналмас» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесіп, барлық жағдайды бүге-шігесіне дейін баяндап, кен орнындағы жырды ақтарған еді. Бір жағынан «Алтыналмас» АҚ Бестөбедегі кен өндіруді дамытуды тоқтату нұсқасын да қарастыруға мәжбүр болып отырғаны белгілі.
Бестөбедегі алтын қазатын кеніш пен Бестөбе ауылының тағдыры тұрғындардың шешіміне тәуелді екенін айтпас бұрын, 90 жылдан бері жерасты әдісімен кен қазылып келген кеніштің қоры сарқылуға жақын екеніне де тоқтала кеткен жөн. Ал ауылдың келешегі осы аймақтағы алтын қазатын жалғыз инвестормен тығыз байланысты.
«Алтыналмас АК» АҚ – 2021 жылдың басынан бері кенішке ие және Бестөбе ауылының жалғыз инвесторы. Бестөбе кеніші «Алтыналмас» кәсіпорнына бірнеше жылға созылған мәмілелер нәтижесінде, «Қазақалтыннан» өткені белгілі. «Қазақалтынның» бұрынғы қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай компанияның 100% акциясы үшін 310 млн доллар шамасында ақы алған.
Биыл сәуір айында Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов пен «Алтыналмас АК» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев Ақмола облысындағы кеніш пен Бестөбе ауылының келешегі туралы жергілікті тұрғындармен кездесуде талқылаған.
«Егер біз бұл кен орнын дамытамыз десек, 70 млн доллардай қаражат керек. Бірақ «икс» аралығындағы уақыттың go/no go дейтін нүктелері бар. Біз кеніштің жоғары қабаттарын қаза бастаған кезде, жоспарланған бес жылдан да көп уақыт кету ықтималдылығы бар екенін түсінеміз», дейді Д.Қанашев.
Ол «Алтыналмастың» Бестөбе жобасына салған инвестиция көлемін 110 млн долларға бағалап отыр. Негізінен қаражат бұрыннан жинақталған, өндірістік тілде қолданылатын «хвостиктерді» өңдеу үшін салынған жаңа кен байыту зауытының құрылысына кеткен.
Кездесуде компания басшылары Бестөбе кен орнының алтын құрамды кендерінің бекітілген жерасты қорларының сарқылуына байланысты оқиға дамуының екі нұсқасы бар екенін атаған. Біріншісі – жағымсыз, бұл екі кәсіпорынды – Бестөбе кенішін және ондаған жылдар бойы жинақталған қалдықтарды өңдейтін байыту фабрикасын (ТМТ БФ) толық консервациялау мен жоюды қарастырады. Екіншісі – прогрессивті, яғни ескі жерасты өндіру технологиясын (қауіпсіз емес қол еңбегін пайдалана отырып) және мүмкіндігінше, ашық алтын өндірудің ірі тоннажды механикаландырылған әдіске көшіру. Бұл болжанатын шикізат базасы расталған жағдайда өндіріс өмірін он жылға және одан да көп уақытқа ұзартуы мүмкін.
Құны 55 млн доллардан асатын ауқымды даму бағдарламасы (барлау бұрғылауын жүргізу, инфрақұрылым құрылысы және т.б.) бірнеше жылға есептелген. Аралық шешім ретінде жерасты кенішін дамыту бойынша жұмыс уақытында өндірістік алаңның толық тоқтап қалу кезеңі екі есеге жуық қысқартылып, ал кеніш ұжымының бір бөлігі жұмыспен қамтамасыз етілуі үшін ашық карьердің құрылысы ұсынылады.
Алайда тұрғындардың бір бөлігі ұсынылған шараларға наразы болып шыға келеді. Бұдан бөлек ауылда белсенді топ бар, олардың талабы бойынша 2021 жылдың мамыр айында «Алтыналмастың» техноминералды түзілімдерді өңдейтін еншілес компаниясы «Қазақалтын Technology» ЖШС-нің кен байыту фабрикасының жұмысы заң аясында жұмыс істеп тұрғанына қарамастан тоқтатылған. Мұны Ақмола облысы әкімдігі мен Бас прокуратура да растап, қараша айында фабрика қайта іске кіріскен.
Ауылдағы сол топтың талабымен ТМТ байыту фабрикасының жұмысы ғана тоқтамаған. Заң талаптарына сәйкес жұмыс істеп, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеп тұрған Бестөбе маңындағы осы байыту фабрикасын тоқтатудан туындаған технологиялық оқиғалар тізбегі соңында жерасты кенішінің бір бөлігін шахта суларының басып қалуына әкелген.
Нәтижесінде, 2021 жылдың шілде айынан бері Бестөбе кенішінің 1 400-ге жуық қызметкері амалсыз бос жүр. Жұмыс істемесе де, жұмыстың соңғы айларының деңгейіндегі орташа жалақыны алады. Бұл жұмыс берушіні ай сайын 400 млн теңге шамасында шығынға батырып отыр. Ал заң бойынша ең төменгі жалақыдан кем төлемеуі тиіс болғанымен (2021 жылы – 42 500 теңге), компания орташа жалақыны жұмыстың соңғы айлары деңгейінде төлеп келеді.
Бестөбе ауылының көп бөлігі тау-кен аумағында орналасқан. Жүздеген үй тұрғындарының кеніштегі жерасты қазбалары нәтижесінде пайда болған қуыстарға түсіп кету қаупі бар. Ендігі жерде қайғылы жағдайға жол бермеу үшін компания учаске тұрғындарының үйлерін сатып алуды, басқа ауылдарға, Степногорск қаласына немесе басқа ауданға қоныс аударуды, ал босаған учаскеде өндірісті шикізатпен, ал ұжым мүшелерін жұмыспен қамтамасыз ету үшін карьер салуды қарастырып жатыр.
Мәселені шешудің мұндай нұсқасы жерасты кеніші бар Ақсу ауылында да жүзеге асқан еді. Нәтижесінде, тұрғындар компанияның көмегімен қауіпсіз аудандарға көшірілген, қалғандары да осы бағдарламаға ілігуді сұрап отыр. Әрине, мұның жай-жапсары туралы Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов пен Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұлов Бестөбе тұрғындарымен кездескен кезде баяндап берген. Осы жиынға қауіпсіз аймаққа көшірілген Ақсу ауылының тұрғыны Наталья Морозова сияқты адамдар да қатысып, сонау 1950 жылдары салынған үйлері әбден ескіріп, тіпті жөндеуге де келмей, ұдайы жерасты жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, қисайып қалғанын мысалға келтіреді.
Қалай десек те, Бестөбе ауылының тағдырын тұрғындардың өзі шешуі тиіс. Биылғы шілде айында ашық қоғамдық тыңдаулар кезінде халықты көшіруге қатысты ойларын айтып, бір тоқтамға келуі керек.
– Компания тұрғындармен оңды мәміле, ортақ шешімге келуі үшін барлық жағдайды ашық талқылауға дайын. Бақай есепсіз, дұрыс қабылданған шешімдер Бестөбе кенішінің өндірістік ғұмырын ұзартып, Бестөбе ауылына жаңа өмір сыйлайтынына үміт артып отырмыз, – дейді Д.Қанашев.
Осындай күрделі жағдайға қарамастан, компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру үшін 2021 жылы Ақмола облысында – 582 млн теңге, 2022 жылы Бестөбеге 71 млн теңге жұмсаған.
Жергілікті билік өкілдері де осындай компаниялардың қаражаты болмаса, ауылға оңай тимейтінін, халыққа жұмыс керек екенін мойындайды. Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов: «Инвесторларсыз ауылдың келешегін елестету қиын. Біз кездесулер барысында «Алтыналмастың» үлкен инвестиция салуға дайын екенін көріп отырмыз. Бірақ бұл жобалар жергілікті халықпен келісімге келген кезде, ол жоспарларды ашық қоғамдық тыңдаулар кезінде тұрғындар қолдаса ғана жүзеге асады», дейді.
Осы арада алтын жүрген жерде аттап өтуге болмайтын, осы аймақ бетпе-бет келіп отырған тағы бір өзекті мәселе – заңсыз жолмен алтын алатын, әлмисақтан жағаласып келе жатқан «қара алтын өндірушілердің» әрекетіне тоқтала кету ләзім.
Құқық қорғау мекемелерінің ақпаратына сәйкес, «Қазақалтын» кеніштерінде 2010-2021 жылдар аралығында заңсыз айналымда болған 7 193 тонна құрамында алтыны бар материалдар тәркіленсе, оның ішінде құны 8,9 млрд теңге болатын 590 кг алтын болған. Осы аралықта полиция қолына 45 мың «қара өндіруші» берілсе, оның 18 600-дейі осы әрекетін қайталаудан қаймықпаған. Сол сияқты құрамында алтыны бар материалдарды өңдейтін заңсыз 500 цех жойылып, шахталар мен заңсыз қазылған 1 500-дей заңсыз алтын өндіретін орын табылған.
Әлбетте, өндірістік тұрғыда заңдастырылып, механикаландырылған әдіспен алтын өндіру ісі жасырын жолдармен байып отырғандардың мүддесіне сай келмейді. Сондықтан да өндірісті жаңғыртып, жұмысын барынша заңдастыру белгілі бір топтарға ұнамайтынын жоққа шығаруға болмайды.
АЛМАТЫ