Қазіргі кезде әлемнің бірқатар мемлекетінде спорттың сан түрінен аса ірі халықаралық жарыстар өтуде. Сол сайыстарда Қазақстанның өрендері де өнер көрсетуде.
Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында қазақстандық жеңіл атлет Ольга Хижнякова өз жанкүйерлерін тағы бір қуантты. Сейсенбі күні ғана ядро лақтырудан күміс медальді иеленген ол кеше балға лақтырушылардың бәсекесіне қатысты. Бұл жолы да Ольга қалың топтың арасында қалып қоймай, үшінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, жалғыз Хижнякованың өзі Бразилия көгінде қазақтың Көк байрағын екі мәрте желбіретті.
Ирактың Сулеймани қаласында садақ атудан Азия кубогының кезеңдік сайысы өз мәресіне жақындап келеді. Кеше командалық бәсекеде әйелдер құрамасы (Виктория Лян, Елмира Раисова және Әдел Жексенбаева) күміс медальді иеленсе, ерлер (Сергей Христич, Бунёд Мырзаметов, Шәміл Сагутдинов) қолаға қол созды. Ал аралас жұптар жарысында (Сергей Христич пен Әдел Жексенбаева) жерлестеріміз күміспен күптелді.