«Газета.Ru» тілшілері ғарышкерлер күні қарсаңында Mars One халықаралық жобасына қатысып, өз елінен мәңгілікке Марсқа ұшып кетуді көздеп жүрген ресейліктермен тілдесті. Бұл туралы «Газета.Ru» хабарлады.
2013 жылы Mars One қызыл планетаны «отарлауға» аттанғысы келетін ерікті ғарышкерлерді іріктеу мақсатында арнайы халықаралық жоба ұсынған болатын. Аталмыш жобаға қатысуға 200 мыңнан астам адам өтініш білдіріпті. Ал бұлардың арасынан 1058 адам жоба талабына лайық деп танылған. Олардың 52-сі ресейліктер екен. Бір айта кетер жәйт, жобаға қатысуға тілек білдірем деушілерден арнайы ғарышкерлік білім талап етілмейді, тек олардың жасы 18 бен 65 жас аралығында болса жетіп жатыр.
Бұлардың Марсқа сапары 2024 жылға орайластырылып отыр. Планетааралық экспедицияны ұйымдастырушылар мен Марсқа ұшқысы келетіндерге дем берушілер адамдарды Марсқа аман-есен жеткізіп, олардың сонда жұмыс істеп, күн көруіне жағдай жасаудың амалдарын қарастырып жатқан көрінеді.
Бір ғажабы, аталған халықаралық жобада Марсқа барғандардың кері қайту мәселесі қаралмаған. Бәлкім, жоба сынағынан сүрінбей өткендер Марста мәңгілікке қалуға шын бекінген болар.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Газета.Ru».
Фото: iphone-rss.gazeta.ru.