«Джиро д’Италия» көпкүндігінің бесінші кезеңі 30 жастағы Францияның велошабандозы Арно Демардың (Groupama-FDJ) жеңісімен аяқталды.
Катания мен Мессина аймақтары аралығын жалғаған 174 шақырым қашықтықты Демар 4 сағат 03 минут 56 секундта жүріп өтті. Одан кейінгі сатыларға колумбиялық Фернандо Гавирия (UAE Team Emirates) мен италиялық Джакомо Ниццоло (Israel-Premier Tech) жайғасты. Ал жалпы есептегі жағдай өткен кезеңмен салыстырғанда еш өзгерген жоқ. АҚШ-тың Trek-Segafredo клубы сапында өнер көрсететін Хуан-Педро Лопес әлі де алдына жан салар емес. Немістердің BORA-hansgrohe командасының велошабандозы Леннард Кемна оны өкшелеп келеді. Үшінші орынды эстониялық Рейн Таарамяэ (IntermarchéWanty-Gobert Matеriaux) иеленуде.
Апеннин түбегіндегі жарыста «Астана» әлі де құлашын кеңінен жая алатын емес. Қазақстандық клубтың мүшелері арасында озған 25 жастағы колумбиялық легионер Харольд Техаданың нәтижесі – 28-орын.