Теннистен Италияда өтіп жатқан ірі халықаралық турнирдің екінші кезеңі аяқталды. Қазақстанның ойыншылары арасынан алғашқы болып Елена Рыбакина кортқа шықты.
Алғашқы айналымда ресейлік Элина Аванесяннан айласын асырған қазастандықтың келесі күні АҚШ-тың өкілі Лорен Дэвиспен шеберлік байқасты. Жерлесімізге WTA тізімінде 89-орында тұрған 26 жастағы теннисшіні ұту аса қиындық туғызған жоқ. Екі сеттік сайыс 6:4, 6:3 есебімен Еленаның пайдасына шешілді. Ал Юлия Путинцева тым мықты қарсыласқа тап болды. 28 жастағы Гарбинье Мугуруса кезінде әлемдік рейтингте көш бастап, «Ролан Гаррос» пен «Уимболдонның» жеңімпазы атанды. Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнады. Қазіргі кезде ол үздіктер тізімінде 10-орынды иеленуде. Осындай мықты ойыншымен Юлия еш аянбай айқасты. Бірінші сет Гарбиньенің пайдасына шешілді – 6:3. Екінші сет тай-брейкке дейін ұласып, бұл жолы жерлесіміз жеңіске жетті – 7:6. Шешуші кезеңде Путинцева шеберліктің шынайы үлгісін көрсетіп, әйгілі қарсыласын ойсырата ұтты – 6:1. Бұл бәсеке 2 сағат 17 минутқа созылды.
Үшінші айналымда Елена Рыбакина швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен шеберлік байқасса, Путинцева тунистік Онс Жабермен күш сынасады.