Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабы алғашқы отырысын өткізіп, алдағы референдумның мақсатын, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру іс-шаралары жайын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіподақтар федерациясының жанынан Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды қолдау мақсатында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіретін Республикалық штаб өз жұмысын бастаған болатын.
12 мамыр күні Республикалық штаб жетекшісі, федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің жетекшілігімен Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы аймақтық штабтары Үйлестіру кеңестерінің отырысы өтті.
Отырыста аталған заңнамалық өзгерістердің кәсіподақтар үшін де маңыздылығы айтылып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасына негізделген қоғамдық-саяси маңызы бар қадам. Сонымен қатар, Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы елеулі өзгеріске ұшырамақ. Мәселен, Президент өкілеттігі қысқарып, Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады.
«Жалпы, біз Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталғанын нақты түсінуіміз тиіс. Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады деген сенімдеміз. Осы себепті, біз кәсіподақ мүшелерін лайықты өмір сүру және еліміздің әлеуетін арттыру үшін, әр еңбеккер өз құқығын қорғай алуы үшін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақыруымыз тиіс», деп атап өтті республикалық штаб жетекшісі.
Отырыс барысында сөз алған Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова референдум жеке тұлғаның емес, халықтың пікірін айқындайтынын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерін бұл реформалардың маңыздылығын түсіне отырып, референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Конференция соңында Республикалық штаб жетекшісі Нұрлан Өтешев әр қазақстандық «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», азаматтық ұстанымдарын таныту арқылы алдағы референдумға белсене қатысатынына сенім білдірді.
Батыс Қазақстан