ХХ ғасырдың басындағы қазақтың көркем әдебиетінің дамуына үлес қосқан көрнекті мәдени қайраткерлердің бірі ақын Ғалым Малдыбаев. Ол алыптар тобы қатарындағы Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтермен жақын араласқан. Ал жерлестері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповпен достық қарым-қатынаста, шығармашылық ынтымақтастықта болған.
Жуырда Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада ақынның туғанына 120 жыл толуына байланысты үлкен әдеби кеш өтті. Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған бұл шараға жергілікті ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар, ақынның көзін көрген адамдар, студенттер, туыстары мен балалары қатысты.
Өз заманының әдебиетші, журналист, баспагерлерімен салыстырғанда Ғалым Малдыбаев терең білім алған адам. Әуелі ауыл молдасынан сауатын ашқан ол кейін Петропавлдағы «Совпартшколды», Мәскеудегі Күншығыс елдері еңбекшілерінің университетін (КУТВ), кейін қазақтың журналистика институтын (КИЖ) бітірген.
Ғалым Малдыбаевтың эпикалық туындыларының бірі «Қырым қызы» поэмасы мектеп оқулықтарына енгізілген. Оның сұлу қыздың сынын сипаттаған:
Ақ жүзді, бота көзді, қара қасты,
Қыр мұрын, алма ерін, жібек шашты.
Қаз мойын, қаршыға төс, кептер иық
Сабырлы, жарқын мінез ықыласты...
– деген сияқты өлең жолдарын сол кездің жастары жаттап алып, көңіл білдірген қыздарына жаппай айтатын болған. Ақынның қаламынан «Орақ пен балға», «Дөңгелек», «Қырым қызы», «Қалдырған», «Желдірме» және «Поэмалар мен өлеңдері» атты жыр жинақтары өмірге келген. Сондықтан да ақынның есімін әдебиетсүйер қауым ғана емес жалпы көпшілік жақсы таныған.
Ғалым ағамыздың қайраткерлік қырларының бірі – оның газет жұмысын ұйымдастырудағы шеберлігі. Орталық өкімет оның осы қасиетін тиімді пайдаланып, оған Ақмолада «Жаңаарқа», Оралда «Қызыл ту», Павлодарда «Колхоз», Баянда «Ленин жолы», Балқашта «Жұмысшы» газеттерін шығарып, олардың жұмыстарын жолға қоюға жұмсаған. Барған жерлерінде кемінде 1-2 жылдан тұрып, жаңа газеттердің аяғынан қаз тұрып кетуін қамтамасыз етіп, басқа қалаларға ауысып отырған. Академик жазушы Сәбит Мұқанов өзінің естелігінде: «Қоғамдық істерінің ішінде Ғалым қазақ-кеңес әдебиетінің кадрларын өсіруге де елеулі еңбек сіңірді», деп Қызылжарда – Есмағамбет Ысмайылов, Керекуде – Дихан Әбілев, Оралда – Ғабдол Сланов, Ақмолада – Сейітжан Омаров сияқты жастарды әдебиетке баулып, оларды орталыққа тартып, кейін қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан көрнекті ақын-жазушыларға айналуына үлес қосқанын айтады. Олардың бәрі де Ғалым Малдыбаевтың өздеріне ұстаз болған еңбектерін ұмытпайды. Мысалы, ақын Дихан Әбілев «Ғалекеңе» деген өлеңінде былай дейді:
«Әлі де алыстан, әлі де төтеменен
Аға едің мені өлеңге жетелеген.
Құнан боп қалған былтыр асау тайды
Бәйгеден келтірем деп көтермемен»,
– дейді.
Ғалым Малдыбаев өз заманын жырлаған ақын. Сондықтан ол кеңестік өмір салтын мадақтамай қойған жоқ. «Балға-Орақ», «Ленин» деген өлеңдері соған мысал. Қанқұйлы өкімет талай ақын-жазушыларды алдымен өзін мақтатып, артынан қуғынға салды емес пе? Ғалекең де оның азабын бастан кешкен адам. 1937-1938 жылдары ол елден кетіп, Сібірдің ормандарында бас сауғалауға мәжбүр болады. Жасынан бекзат, нәзік тұрпатты ақынға қуғын-сүргінде суық тиіп, денсаулығына зиян келеді. 1939 жылы Алматыға оралғанымен оған туған жердің ауасы ғана шипа екендігі айтылып, соғыс жылдарында Қызылжарға оралады. Мұнда облыстық газетте істеп, оның өркендеуіне, қоғамдық өмірдегі беделінің артуына үлес қосты. Алайда өкпеден тиген науқас меңдеп, дәрігерлер оған тек ауылды жерлерде тұруға кеңес береді. Туған ауылы Жаңажолға келіп тұрғанымен ол шығармашылықтан, облыстағы әдеби ортаның өркендеуінен қол үзген жоқ. Ақындар айтысын өткізуде де белсенділік көрсетіп жүрді. Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, Темірғали Қасенов, Уахит Темірбеков сияқты ақындардың халыққа танылуына, олардың «облыстық халық ақыны» атағын алуларына үлес қосты.
Ғалекеңнің өмірдегі мол қазынасының бірі артына тастап кеткен он перзенті. Ақбаян, Шашубай, Абай, Әлия, Алма, Алтай, Шәкірбай, Ғалия, Сәбит, Ақжайық сияқты балаларының бәрі елге үлгі-өнеге болар тамаша азаматтар болып өсті. Әке жолын қуған соның бірі, сүт кенжесі – Сәбит Малдыбаев қазір республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы қызметінде.
Ғалым Малдыбаевқа арналған әдеби кеште белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар Жарасбай Сүлейменов, Жанар Таласбаева, 95 жастағы қарт ұстаз, Ғалекеңнің алдын көрген Жұмаш Сейітбеков, қызы Ғалия Малдыбаева және т.б. естеліктер айтты. Ақындар мен студент жастар өлеңдер оқыды.