• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Адамдар мықты досымен

725 рет
көрсетілді

Айтып келмейтін апаттың Қарағанды өңірінде орын алуы Арқа еліндегі ағайынға ауырға түскені ақиқат. Көп болып жұмылып, Көкпекті ауылындағы асар жұмысына Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып гуманитарлық көмек көрсетуге орай, оқу орнының бас корпусының алдында профессорлық-оқытушылар құрамы, «Жас орда» студенттер мен магистранттар кәсіподағының өкілдері және Елбасының курстастары, ҚарМТУ-дің құрметті студенттері Қ.Омашев, Е.Төлеубаев, В.Никонов қатысқан митинг өткізді. «Бұқар жырау ауданының Көк­­пекті ауылындағы қайғылы оқи­ға баршамызға мәлім. 5 адам­ның өмірін қиып, талай адамды бас­панасыз қалдырған тілсіз жаудың зардабын жүздеген отан­дастарымыз тұтып жатыр. Оларға көрсеткен көмек елге берген жәрдем. Олай болса, кө­мек қолын созуға білім ордасы­ның ұжымы бірауыздан келісіп, өздерінің бір күндік жалақысын – 2,5 миллион теңге мөлшеріндегі қаржыны арнаулы есепшотқа аударды. ЖОО-ның Ақсақалдар алқасы мен кәсіподақ ұйымы бас­тама жасап, әкімшілік ұйытқы болып, хал­қымыз «тілсіз жау» деп ата­ған қызыл судан зардап шек­кен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қажетті зат­­тар­ды, азық-түлікті, төсек-орын­ды, киім-кешекті 1 автобус, 2 «ГАЗель» көліктеріне тиеп, ар­найы көмек керуенін жіберіп отыр­­мыз», деді ҚарМТУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Арыстан Ға­залиев. Осы жерде айта кеткен жөн, бауыр­малдық тек туыстық негіз­де ғана көрінетін қасиет емес, ол – кісінің адамгершілік, иман­дылық қасиеттерін айқын­дайтын мінез-құлықтың жағымды белгісі екені әмбеге аян. Өзгені бауырына тарта білу, әр адамды жақын санап, қамқорлық көрсету сияқты ізгілік белгілері адамдар арасындағы өзара сыйластықты, бірін бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырады. Адамдарды тіліне, дініне, ұл­ты­на бөлмей, кез келген жағдайда оларға көмектесуге дайын тұ­ру, қолұшын беру қасиеті де бауыр­малдықтың белгісі болып табы­лады. – Күні кешегідей есімде, осыдан 73 жыл бұрын, 1941 жылдың 7 қарашасында біз Қарағандыға эвакуациямен сонау Украинадан, атақты «Жас гвардияның» отаны – Краснодоннан келдік, – деп бас­тады өз сөзін өнеркәсіп көлігі кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Анатолий Дедов.  –  Отбасында шиеттей бес баламыз. Үлкеніміз 13-те, мен 7 жастамын, ең кішіміз емшектегі бала. Әкем Никанор Прохорович – шахтер, Донецкідегі Пар­хоменко атындағы зауытты көшіріп келушілердің қатарында болды. Келісімен №18 шахта жанындағы күрделі жұмыстар бөлімінің бастығы болып орналасты. Жұмыс бар да, баспана жоқ. Сонда жергілікті қазақтар жақын тартып, бауырына басты. Ескі қаладағы бір бөлмелі үлкен жер үйде тұрдық. Аты-жөндерін ұмытып қалыппын, үй иелері қазақтар еді. Отағасы шахтер еді, зайыбы үй шаруасындағы әйел. Екі балалары болатын. Асты-үстімізге түсіп бәйек болып, көрпе-жастығын төсеп, киім-кешегін бөлісіп, дастарқанын жайып, дәмін берді. Барактар салынып біткенше сол үй құтты қонысымыз болды. Сол  шаңырақты бір атаның бала­ла­рындай тату-тәтті үш ай паналадық. Біз сонда қазақтар­дың қонақжайлығын, қайырым­дылығын, бауырмалдығын ал­ғаш рет танып-білдік. Міне, сол бауырмалдық, достық ақ­жар­ма пейіл күні бүгінге дейін жалғасуда. Мен қандай жақ­сы­лық көрсем де, қазақ әріп­тес­­терімнен көріп келемін. Ақса­қалдар алқасының мүшесі­мін. Ал Көкпектідегі ағайын­дар­ға бүгін жасалып жатқан қалтқы­сыз көмек те сол ізгілікті қадам­ның заңды жалғасы... Ақсақалдың шын жүректен шыққан әсерлі сөзін жиналған көп­шілік ықылас қоя тыңдады. Иә, «Ағаш тамырымен, адам до­­сы­мен мықты» деген осы да. Көп ұзамай көмек керуені қа­ла іргесіндегі Көкпектіге бет­теді. Сәбит БЕКСЕЙІТ. ҚАРАҒАНДЫ.