Бокстан әйелдер арасындағы Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты нағыз қызған шағына жетті. Соңғы күндері тағы бірнеше боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Өкінішке қарай, жарыс бел ортаға жетпей жатып, біраз белді былғары қолғап шеберлеріміз жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл жағдай қазақстандық жанкүйерлерді қатты қынжылтты.
Бейсенбі күні екі дүркін әлем чемпионы деген дардай атағы бар Назым Қызайбай (50 кило) аса шиеленісті бәсекеде колумбиялық Ингрит Валенсияға 2:3 есебімен есе жіберді. Алайда ол өзінің жеңілгенін мойындаған жоқ. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қызайбай: «Ыстанбұлда алғаш рет рингке көтерілгендіктен, бастапқы минуттарда біраз кібіртіктеп қалдым. Оның үстіне қарсыласым да осал емес еді. Ол – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Иә, бірінші раундта есе жібергенім рас. Бірақ одан кейін соққыларымды жиі дарытып, басымдыққа ие болдым. Екінші және үшінші раунд менің пайдама шешілді деп ойлаймын. Соған қарамастан төрешілер Колумбия боксшысының қолын көтерді», деді.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Дариға Шәкімоваға (66 кило) ерекше сенім артқан едік. Алайда атақты боксшымыз Түркия төрінде ел үмітін ақтай алмады. Дариға есімі көпшілікке беймәлім Өзбекстанның өкілі Навбахор Хамидоваға есе жіберді. Римма Волосенко да (60 кило) жеңілістің кермек дәмін татты. Ол ағылшын Шона Витвелден айласын асыра алмады. Сол кеште жерлестеріміздің арасынан тек Дина Жоламанның (54 кило) жолы болды. 2016 жылы әлем чемпионы атанған қандасымыз испаниялық Мария Мадуэно Кондені қапы қалдырды.
Жұма күні кореялық Суджин Сеонды сан соқтырған Валентина Хальзова (70 кило) қазақстандықтар арасынан алғашқы болып ширек финалға шықты. Көп кешікпей Гүлсая Ержан да (81 кило) сол межеден көрініп, өз көрермендерін қуантты. Қандасымыз украиналық Олеся Крысюкқа бас көтерткен жоқ. Әлем мен Азия чемпионы және де сол жарыстарда сан мәрте жүлдегерлер санатынан көрінген Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) түркиялық Сеннур Демирдің осал тұсын таба алмады.
Сенбі біздер үшін сәтті болды. Алуа Балқыбекова (48 кило) сербиялық Снежана Сильковичті сан соқтырса, Карина Ибрагимова (57 кило) Дженнифер Ромеродан басым түсті. Бұл жекпе-жектерде қазақстандық боксшылардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.