Бұл күндері Апеннин түбегінде «Джиро д’Италия» көпкүндігі өтіп жатқаны белгілі. Катания мен Мессина аралығын жалғаған бесінші кезең мәреге жеткен бетте «Астана» клубының сапында өнер көрсетіп жүрген Италияның әйгілі велошабандозы Винченцо Нибали биыл өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын көпшілік алдында жария етті.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нибали: «Мен Мессинаға жеткен бетте өзімнің отбасым, туған-туыстарым және жора-жолдастарымды жинап алып, жоғарыдағыдай шешім қабылдағаным жайында айттым. Иә, спорт саласында біраз белестерді бағындырғаным рас. Сол үшін де Жаратушымызға мың да бір алғыс. Әр кездері қолдау көрсеткен бапкерлерім мен командалық әріптестеріме және жанкүйерлеріме де зор ризашылығымды білдіремін. Иә, кезінде «жарыс, жарыс» деп жүріп, отбасыма дұрыс көңіл де аудара алмаған едім. Енді сол олқылықтың орнын толтыруым қажет», деп ағынан жарылды.
Үлкен спортпен қош айтысуын жария ету үшін даңқты спортшының дәл осы Мессинаны таңдап алуы бекер емес. Винченцо 1984 жылдың 14 қарашасында Апеннин түбегі мен Сицилия аралының тоғысқан тұсында орналасқан шағын шаһарда дүниеге келді. Бозбала шағынан велоспортты серік еткен ол көптеген биік белесті бағындырды. 2005 жылы «Fassa Bortolo» клубының жейдесін киіп, кәсіпқойлар арасында бақ сынай бастады. Кейіннен басқа да белді командалардың намысын қорғады. 2013-2016 жылдары «Астананың» сапында өнер көрсетті. Ол кезде де Винченцо дара талантымен оқшауланды. Кейіннен АҚШ пен Бахрейнге кетті. Ал былтыр ол Қазақстанға қайта оралды. Бір сөзбен айтсақ, халықаралық аренада «Астананың» абыройының артуына Нибалидің сіңірген еңбегі айтарлықтай.
Италиялық велошабандоздың ең зор табыстарына тоқталсақ, ол 2010 жылы «Испания Вуэльтасы», 2012 мен 2013 жылдары «Тиррено-Адриатико» 2014 жылы «Тур де Франс», 2013 пен 2016 жылдары «Джиро д’Италия», 2015 пен 2017 жылдары «Джиро ди Ломбардия», 2019 жылы «Милан-Сан-Ремо» және тағы басқа көптеген дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. Даңқты спортшының өнеріне сүйсінген жер-жаһанның жанкүйерлері оны «Акула» деп атап кетті. Осылайша, қазіргі кезде «Астананың» намысын қорғап жүрген 37 жастағы Винченцо Нибали биыл өзінің спорттық мансабын аяқтауға бекініп отыр.
Бұл шешімге келуіне оның осы гранд-тур барысында күш-жігерінің сарқыла бастағанын нақты сезінуі де себеп болғаны күмәнсіз.