• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Қаһарман рухы қанаттандырады

290 рет
көрсетілді

Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы стипендияның алғашқы иегері анықталды

Атырауда екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 300 рет көтеріліп, жауға қарсы ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақтың батыр қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін есте қалдыру мақсатында игілікті шара қолға алынды. Оған  ардагер Қатимолла Ризуанов төрағалық ететін облыстық ардагерлер кеңесі ұйытқы болды. – Біз бұл мәселені былтырдан бері ойластырып, демеушілер іздестіре бастағанбыз. Мақсат –түнгі әскери әуе жорығында жау ұясын бірнеше рет бомбалап, қайталанбас ерлігімен танылған Хиуаз Доспанованың қаһармандық мінезі мен ерлік дастанын, жалпы, қазақ халқының ержүректілігін жас ұрпақ санасына сіңіре беру. Әсіресе, ерлігі мен өжеттілігі, қайраткерлігі тұрғысынан насихатталуы кемшін түсіп жүрген Хиуаз Доспанованы жас ұрпақ ұмытпаса екен дейміз. Осы орайда, қазақтың қаһарман қызының кеуде мүсіні Атыраудағы халықаралық әуежай алдына ауыстырылғанын қалар едік. Сонымен бірге, әуежайдан қалаға дейінгі жолға Хиуаз Доспанованың атын беруді кешеуілдетпеген орынды болар еді. Бұрын қаһарман қыздың есімі мұз айдыны сарайына беріледі дегенмен, бұл мәселе де әлі күнге оң шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, біз жақында демеушілермен кеңесіп, Хиуаз Доспанова атындағы арнау­лы стипендияны тағайындауды ұйғардық. Арнайы құрылған комиссияның талқылауынан кейін батыр атындағы арнаулы стипендияның алғашқы иегерін анықтадық, – деді газет тілшісіне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов. Халық Қаһарманы Хиуаз Дос­­­панова атындағы арнаулы стипендия Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситетінің студенті Гүлнәз Жол­болдықызына берілді. Бір ерек­ше­лігі, әскери ұшқыш атындағы сти­пендияға ие болған студент аталған университетте «Алғашқы әскери дайындық» мамандығында оқиды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. –––––––––––– Суретте: Г.Жолболдықызы мен Қ.Ризуанов.
Соңғы жаңалықтар