Жақында белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби және ПЕН-клуб сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбайдың мерейлі белесіне орай, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада шығармашылық портреті туралы эсселер, мақалалар және сұхбаттар топтастырылған «Аралдың ақжал толқыны» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Мазмұнды іс-шарада әдебиет әлеміне өткен ғасырдың сексенінші жылдары келіп, «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» және «Ол сапардан оралмасын білген-ді» атты төрт роман мен бірнеше повесть, әңгіме жазған талантты прозашы туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, сондай-ақ Марат Мәжитов, Мәди Айымбетов, Қуандық Түменбай, Сүлеймен Мәмет, Шархан Қазығұл, Амантай Шәріп, Айгүл Кемелбаева және т.б. қаламгерлер сөз алып, парасатты ой өрбітті.
Әдеби іс-шара барысында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл суреткердің «Жер үстінде де жұмақ бар» романындағы Байқоңыр трагедиясына тоқтала келіп: «Мен бұл трагедияны бала күнімнен білемін. Соның салдарынан бір жылдары Арқа даласында киіктер жаппай қырылып қалды. Қуанышты Байқоңыр трагедиясын қаламына арқау еткен бірден-бір жазушы деп бағалаймын. Бұл өзекті мәселені қалай шешеміз деп, оған мемлекеттік деңгейде назар аудару қажет. Оның осы проблеманы көтерген романы да өзінің лайықты бағасын алған жоқ», − десе, жазушы Әлібек Асқаров: «Қаламгер қауымында іштей бір туысқандық, жанашырлық болады. Соның ішінде құрдастардың орны бөлек. «Қуандық не жазып жүр?», «Қуаныш не істеп жатыр?» деп елеңдеп тұрамыз. Біздің алдымыздағы буын әдебиеттің де, шыққан кітаптарының да қызығын көрді. Ал біз «енді дұрыстап кітап жазайық» дегенде «қайта құруға» тап келіп, қаламымызды көп сілтей алмай қалдық. Осы тұрғыдан келгенде Қуаныш өнімді еңбек етіп, ақ парақ пен қаламына адал болды», деді.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек те сөз алып, Одақ атынан мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті. Кеш тізгінін ұстаған танымал сатирик Көпен Әмірбек әзіл сөзімен жиналған қонақтардың езуін жиғызбады. Жыршы Елмұра Жаңабергенова жырдан шашу шашты.