• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Сабақтастық

325 рет
көрсетілді

Судья – қылқалам шебері. Дөп басып айтсақ – суретші.  Оның көркем шығармасы – сот актісі. Сот актісінің мәнді болуы судьяның тұлғасына тікелей байланысты. Алайда, заңды үкім шығару үшін  заң нормаларын, оның терминологиясы мен техникасын білу аздық етеді. Айтар ойыңды нақты жеткізу үшін ұлттық құқықтан бастау алған көркем ой, көсемсөз, тілдің байлығы қажет-ақ. Мұндайда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза», деп ар мен ұятты жоғары қоюы тегін емес екендігі айқындала түседі. Ал сол ар жазасын аяқасты етіп, адалдықтан аттаған жандарға заңды тұрғыдан баға беріп, кесіп-пішу тек қазылардың еншісіне тимек. Міне, сол күрмеуі қиын қазылық қызметінде талай марапатқа ие болып, таразы басын тең ұстауымен танылған, әріптестеріне үлгі болған судьялардың бірі Әділ Құрықбаев демекпіз. Әрине, ар-ожданын бас­шылыққа алып, әділдік әйнегінен өмірге үңілуге үйренген жан­дардың қызметі оңай емес екені белгілі. Бұл орайда Абай атамыздың ұлылығына жүгінсек, адам философиясының негізі – адалдық, таза ар-ождан, әділдік арқылы ұлтыңа жақсылық тигізу. Ендеше, тұлғасы өзгеден бөлек, қара­­­­­­пайымдылығы өнегелі, үнемі тыңнан түрен салып, ізденуді мұрат тұтқан Әділ судьяның қайнар-бұлағы осы ұлттық құ­қықтан тамыр алып жатқандай көрінеді. Бұған қоса оның сот саласында 32 жыл үзбей қажырлы еңбек етіп келе жатқаны да көп мән-жайды білдіреді. Әділ Жамбасбайұлының сот төрелігін жүргізуден басқа, сот реформасын тереңдетуге қосқан жазба еңбектері де көптеп саналады. Сот төрелігін жүзеге асы­рудың жаңа үрдісін енгізу, меншікке қарсы қылмыстарды саралау, тиімді сот төрелігін ат­қарудың тетіктері туралы мәсе­лелер жазған мақалаларында тереңнен сөз болады. Демек, уа­қытпен үндескен қазы елдік мұраттарды еншілей білуімен дараланады. Тіпті, кітаптарының атауларынан-ақ тақырып кең­дігі, кемелдік көкжиегі ай­қын­далған. Сондықтан да, Әділ Жамбасбай­ұлын тек судья ғана емес, алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау инс­титутының негізін салушы, үл­кен ғылыми-зерттеуші, қоғам қайраткері, «сегіз қырлы, бір сырлы» жан деп танимыз. Талас тудырмас бір ақиқат – адамзаттың өмірі де жалпы тыныс-тіршілігімен байланысты болатыны сөзсіз. Ол С.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факуль­тетіне түсіп, оны 1981 жы­лы үздік аяқтайды. Қалтасында күректей дипломы бар жігіттің арманы асқақ еді. Судья болсам деген жас маман алғашқы еңбек жолын тергеуші қызметінен бастайды. Небары 8 айда жас жігіт өмірді танудың, жұмбақ әлемнің құпия-кілтін ашудың сырын ұғынды. Кейіннен 1982 жылы қараша айында Қостанай қалалық сотының судьясы болып сайланады. 1986 жылы Қостанай облыстық сотының мүшесі болады. Араға жеті жыл салып Ал­маты облысы Іле аудандық со­тының төрағасы, ал 2000 жылы Алматы қалалық сотының судьясы болып тағайындалады. «Еңбек – әлемнің әміршісі» екенінде дау жоқ. Мұрағаттарды шаң басып, сарғайған парақтарда қалған қанды деректердің сырын ашып, айыптаушылардың жасаған қылмысын дәлелдеп, адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін ат­қаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған Құрықбаев қашанда әділ шешім шығаруды мақсат етеді. Осы межеден бір сәт ауытқыған емес. Оның же­місті еңбегінің кілті де осында. Әкесінің отбасындағы кісілік пен кішілік, білім мен білік, парасат пен пайымды тануға бастау болған терең тәрбие оның бағытын түзеп, қадамын қате жасамауына мұрындық болып келеді. Сол балаң тәрбиені бүкіл болмысына айналдырған судья ақыры 2000 жылдың 23 наурызында Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Соттың судьясы болып сайланды. Бұл – қара қылды қақ жарған қазылар үшін биік белес еді. Сот реформасын тереңдету – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта күш жұмылдыра еңбек еткен Әділ жаңа ізденістің жолына түсті. Себебі, 21 ғасырда ұлттың да­муының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігін құру қажеттігін жақсы түсінді. Нақты айтқанда, тәуелсіз және әділетті сот – құ­қықтық мемлекеттің негізі, сондықтан да сот төрелігін ат­қаруда өзіндік мазмұнды пішіні бар тамаша шешім ұсынды. Ең алғаш рет қазақстандық сот жүйесіне өркениетті елдердің тәжірибесін зерттеп, сот төрелігін алқабилердің қатысуымен жүргізу өлшемін енгізді. Оның басты мақсаты – қарапайым азаматтарды сот ісіне қатыстыру, сол арқы­лы соттың ашықтығын, қолжетімділігін қалыптастыру, ең бастысы, сот пен халық ара­сындағы алтын көпірді жандандырып, сот төрелігін атқарудың қиындығына көз жеткізу. Халық өкілдері атынан қатысатын алқа­билер инс­ти­туты адамдардың құқығы мен бостандығын және заңды мүд­делерін заңсыз әрекеттерден қорғайды. Мәселен, 2007 жылы – 36, 2008 жылы – 42, 2009 жылы 59 қылмыстық іс қаралса, 2010 жылы республиканың қыл­мыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары алқа­би­лердің қатысуымен 323 адамға қатысты 258 қылмыстық істі қараған. Алқабилер қатысқан сот 43 адамға қатысты ақтау үкімдерін шығарды. Демек, бұл заң небары жеті жылдың ішінде өз өміршеңдігін дәлелдеді. 2012 жылы Ә.Құрықбаевтың осы заң негізінде «Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу» тәжірибелік оқу құралы жарық көрді. Автор алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізудің құқықтық негізі, тәртібі туралы мәселелерді нақ­ты сот практикасымен байланыстыра отырып талдайды. Сонымен қатар, алқабилердің қа­тысуымен қылмыстық іс қарау кезінде жиі кездесетін кемшіліктер мен оларды реттеу шаралары жөнінде нақты ұсыныстар береді. Алқабилер туралы мәселені Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде Мемлекет басшысы көтерген болатын. Осы бағытта ауқымды істер атқару алдағы уақыттың еншісінде екені сөзсіз. Тағы бір жаңалық, таяуда «Қылмыстық құқықтағы мен­шікке қарсы қылмыстар» атты оқу құралы баспадан шықты. Бұл еңбек магистранттарға, қыл­мыстық істер бойынша жұ­мыс істейтін сот, прокуратура және тергеу органдарының қызметкерлеріне арналған. Атал­ған оқу құралы тұңғыш рет ана тілімізде жазылды. Онда қылмыстық құқықтағы меншікке қарсы қылмыстарды саралаудағы орны, ұғымы, түрлері, құқықтық негізі, меншікке қарсы қылмыс құрамының талдаудағы маңызы қарастырылған. Тіпті, оқырман қауымға толық мәлімет беру мақсатында қылмыстардың жеке белгілеріне және құрылымына да тоқталып өткен. Сонымен қатар, судьяның жылдар бойы республикалық газет-журнал беттерінде қоғамдық пікір тудыратын сан салалы тақырыптағы мақалалары қамтылған. Әділ Құрықбаевты ұлтын сүйген тіл жанашыры десек, артық айтқандық емес. Жа­сыратыны жоқ, қай салада болсын мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі күнге дейін нақты шешімін таппай келеді. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жанайқайы осы ойымыздың анықтамасы іспетті. Еліміз жетістікке жетуде рухани бірлікті нығайтуға ықпал ететін күш – мәдени тәуелсіздік. Ал бұл ұғымның маз­мұны қай ұлттың болсын бағыт-бағдарын, кемел келе­шегін айқындайтыны сөзсіз. Жасыратыны жоқ, егемендік бедерінде ұлтымыздың ақиқатқа құрылған шежіресін түгендеу, мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру күн тәртібіндегі көкейкесті мәселенің бірі. Бұл түйткілді Әділ Жамбасбайұлы ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Тілге, елге қатысты мәселелерді көтеруде әрқашан белсенділік танытып келеді. Бұл Отанын қалтқысыз сүйген, суығына шыдап, ыстығына күйетін адамның іс-әрекеті. Сондықтан оның республикамыздың бас басылымында жарық көр­ген «Сот ісін жүргізудегі олқы­лықтар мемлекеттік тілдің ады­мын аштырмай отыр» атты мақаласы ақиқатында, мемлекеттік тіліміздің толық іске қосылуына мұрындық болады деген үлкен сенімдеміз. Бір қуанарлығы, осы сыннан кейін халықаралық заңнаманың ал­ғашқы мәтін, нұсқалары қазақ тілінде әзірленетін болды. Демек, жазылған мақала қоғамға ой салды, оның нәтижесі уақыт келе өз жемісін берді деген сөз. Әділ Жамбасбайұлы зерт­теуші, қоғамға үн қатушы ғана емес, үлкен өнер иесі. Алаш елінің қасиетті қара домбырасының құлағында ойнап, сырлы үнімен халық әндерін айтқанда сүйсіне тыңдайсың. Жүрегінің лүпіліне құлақ түрсең поэзия әлеміне де тап боласың. Әрдайым ұлы Абайдың, ақиық ақын Мұқағалидың, жалынды Мағжанның, отты ақын Төлегеннің және прозаның хас шебері Оралхан Бөкейдің, сондай-ақ, басқа ақын-жазу­шылардың шығармаларын сүйіп оқиды. Қашанда биік тұғырға ла­йық жандардың өмір жолында ұстаздарының алатын орны ерекше. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы болатынын» бекер айтпаса керек. Талай ұстаздың алдын көріп, ақылын тәбәрік еткенін Әділ судья сөзбен емес, өнегелі ісімен дәлелдеді. Ең алғашқы судья мамандығының өмір мектебінен өтіп, оң мен солды нық тануына Қостанай қалалық сотының төрағасы Иван Бугаевтың және осы соттың судьясы Павел Ким­нің оң әсер еткенін жыр қылып айтады. – Павел Васильевич өте қара­пайым адам болды, – деп әсерлі толғаныспен есіне алады кейіпкеріміз. – Қай кезде алдына барсаң да бір­қалыпты жайдары, жарқын көңілімен қар­сы алатын. Ең алғашқы күннен көзіме оттай басылған осы тұлғаның қарапайымдылық қасиеті менің есімде мәңгі сақталып қалды. Ол маған сот процесін қалай жүргізуді, оның өзіндік қыр-сырын жетік игертті. Ал бүгінде шәкірт­тің әрбір талапты ісіне, сәтті қадамына тілеу­лес болып, елі үшін еңбегіне разылығын аямай­тын асыл ағамыздың ізбасарлары да жоқ емес. Міне, осылайша судья атты қасиетті ұғымға кірбің түсірмей, оған лайық қызмет ету – Әділ Құрықбаевтың басты кредосы. Сот саласында 32 жылға жуық қызмет жасаған оның еңбегі халықтың көз алдында. Осы сара жолда асқақ арманмен және қажырлы қайратпен, талмас табандылықпен, шалқар шабытпен қызмет атқарып келеді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».