Елімізде сот қызметкерлері құрылымын жасақтау – Жоғары Сот Кеңесінің құзырында. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы аталған орган сот қызметінің бос орындарына кандидаттар қарастырып, оларды сот лауазымына тағайындауға Мемлекет басшысына ұсыныс береді.
Жыл басынан бері Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Бектас Бекназаров облыстарды аралап, әр үміткермен жеке кездесу өткізуде. Мақсат – үміткердің сот қызметі талаптарына сәйкестігі мен дайындық деңгейін анықтау.
Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Б.Бекназаров кезекті кездесуін шығыс өңірінде өткізді. Шығыс Қазақстан облыстық сотында өткен кездесуге облыстық сот төрағасы А.Рахметулин, облыстық соттың оқу бағдарламасының үйлестірушісі А.Кенжеғарин қатысты.
Жоғары Сот Кеңесінің төрағасымен кездесуге өңірден 40 кандидат қатысып, біліктілік емтиханын тапсырды және сот қызметі байқауына қатысу үшін еңбек резервіне алынды.
Бектас Бекназаров әр кандидатпен жеке кездесу барысында жеке мәліметтерімен танысып, еңбек өтіліне, адамгершілік қасиеттеріне үңілді, сондай-ақ кандидат таңдалған қызметке дайындық деңгейінің сәйкес келетініне назар аударды. Сот қызметіне үміткерлердің заңнамалық білімін, оның ішінде нормативтік құқықтық актілер мен Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға жетіктігін тексерді. Кандидаттар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін байқататын сауалдарға да жауап берді.
Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Шығыс Қазақстан облысындағы кандидаттардың дайындық деңгейіне оң баға беріп, басым бөлігінің жоғары кәсіби біліктілік, адамгершілік қасиеттерге ие және сот қызметі лауазымына лайықты екендігін жеткізді. Сондай-ақ, сот лауазымына кандидатты таңдауға байсалды түрде қарау қажеттігін, сот қызметіне тағайындалған адамның еңбек өтілінің соңына дейін халықтың сенімі мен құрметін ақтап, дақ түсірмеуі керектігін атап өтті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.