Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Ханс Шоддермен кездесті.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі биылғы 5 маусымға белгіленген алдағы референдумның маңызын атап өтті.
«Конституцияға түзетулер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналған. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын едәуір күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға тиіс. Осыған байланысты, алдағы референдум әрбір азаматқа Екінші республикаға көшуді айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Мұхтар Құл-Мұхаммед әңгіме барысында БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы екенін атап өтті. Ол сондай-ақ біздің еліміз БҰҰ-ның босқындар құқықтарын сақтау мен қорғау саласындағы құндылықтары мен мақсаттарын қорғау жөніндегі жетекші халықаралық агенттік ретінде Басқарманың қызметін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Ханс Шоддер өз кезегінде біздің еліміздің осы бағытта жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады және адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен қызмет Қазақстан мен БҰҰ арасындағы қарым-қатынасты жақсартып қана қоймай, оларды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Біз Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссияны және Ауғанстанда тіркелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматыда уақытша орналастырғаны үшін Қазақстан басшылығына ерекше алғысымызды білдіреміз. Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құруға келетін болсақ, ол Орталық Азия мен Ауғанстандағы Басқарма ісіне қарқын берумен қатар қызметінің нәтижелі болуын айтарлықтай арттырады», деді БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өңірлік өкілі.