Көптеген рейтингілік БАҚ «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымы туралы әлемнің 40 тілінде жаңалық таратты. Қазақстан өнеріндегі осынау маңызды оқиғаны АҚШ, Канада, Жапония, Қытай, Корея, Италия, Испания, Үндістан, Германия, Аустралия, Бразилия және басқа да елдердің бұқаралық ақпарат құралдары қызу талқылады.
Ірі халықаралық ақпарат агенттігі Ассошиэйтед Пресс: «Қазақстандық «Астана Опера» алғашқылардың бірі болып 2022-2023 жылдардағы маусымның басталуы туралы мәлімдеді. Салтанатты ашылуы 9 қыркүйекке жоспарланған, көпшілікке әлемдік жұлдыздардың қатысуымен Гала-опера ұсынылады. Дирижер тұғырында – атақты маэстро, «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев», деп хабарлады.
Айта кетейік, былтыр маусымның ашылуын жариялаған театрлар арасында миландық Ла Скала көшбасшы болған еді.
Жапонияның 88 миллион аудиториясы бар танымал CNET жаңалықтар сайты театр директоры Ғалым Ахмедьяровтың пікірінен дәйексөз келтіріп: «Гала-опера корейдің белгілі опера әншісі, «Грэмми» сыйлығының лауреаты Суми Чоның қатысуымен өтеді, сондай-ақ ұжым бірқатар айтулы премьералар ұсынады. Біз көпшіліктің назарына С.Прокофьевтің музыкасына неміс хореографы Раймондо Ребектің «Күлше қыз» балетінің жаңа заманауи қойылымын дайындадық. Сондай-ақ маусымның басында Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық операсының премьерасы күтілуде. Бұдан бөлек, репертуарды жуырда ғана толықтырған керемет балет Иржи Килианның «Алты биі» афишаның сәнін келтіреді. Барлық спектакльдер жоғары деңгейде ұсынылған және Қазақстанда сұранысқа ие», дейді.
«Астана Операның» айтулы жетістіктерін India Today үнді журналы да атап өтті: «Театрда түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: театрдың Қамқоршылық кеңесінің қолдауымен Astana Opera Халықаралық опера академиясы құрылды. Академия қазақстандық театрлар үшін ғана емес, шетел театрлары үшін де жас мамандар даярлауда. Сондай-ақ «Астана Операда» балалар театр студиясы жұмыс істейді, ол хор және балет секілді екі бөлімді, сондай-ақ театрлық қолөнерді үйрететін студияны қамтиды. Камералық залда бірнеше жыл бұрын опера-буффа жауһарлары шырқалатын Piccolo театры перспективалық жобасы іске қосылды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова репертуарды Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы», К.Макмилланның «Манон» секілді басқа да әйгілі спектакльдермен толықтырды».
Ал Europa Press испан газетінің журналистері «Астана Операдағы» әрбір оқиға – бұл театр жылнамасындағы дербес жарқын парақтар екенін айтты. «Соның бірі ауқымды гастроль – бес мемлекет: АҚШ, Канада, Франция, Бельгия, Нидерландқа әлемдік турне. Труппа бір емес, бірнеше рет Италия, Испания, Қытай, Оманға және басқа да елдерге гастрольмен барып, өнер көрсетті. Театр Қазақстандағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде таныстырған қойылымдар көпшіліктің есінде қалды, көрме аясында «Астана Операда» Пласидо Домингоның «Опералия» ХХV Халықаралық вокалистер байқауы өткен болатын. 1 200 музыканттың орындауындағы Малердің №8 симфониясының қазақстандық премьерасы жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Аталған концерттің жазбасы биыл «Меццо» телеарнасында көрсетілді», дейді испан газеті.
Барлық шетелдік БАҚ «Астана Операны» туристерге, сондай-ақ әлемдік ынтымақтастыққа ашық ел Қазақстанда осы жылдары орын алған аса ірі жағымды өзгерістерді көрсететін әрі жаңа елорда дегенде бірден ойға оралатын жаһандық жобаға теңегенін атап өткен жөн.