• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Су басу қаупі сейілген жоқ

374 рет
көрсетілді

Қызылжар өңірінде су басу қаупі саналатын аудандардың бірі – Уәлиханов. Биыл да көршілес Ақмола облысына қарасты Сілеті су қоймасынан тіршілік нәрінің көп босатылуына байланысты су деңгейі күрт көтеріліп, Қаратал және Қулыкөл ауылдарын байланыстыратын автөкөлік жолын су шайып кетті. Төтенше жағдайлар департаменті, суда құтқару қызметі және жергілікті билік орындары жұдырықтай жұмыла отырып, апаттың алдын алу шараларын ұйымдастырды. Қаратал ауылының екі жүзге жуық тұрғындары Қулыкөл ауылына көшірілді. Бұл мақсат үшін бірнеше моторлы қайық пайдаланылды. Үзілген жолды қалпына келтіру үшін инертті материалдар төсеу жұмыстары дереу қолға алынып, ондаған техника бірлігі жұмылдырылды. Су басу қаупі сейілген соң қараталдықтар екі күннен кейін ауылдарына келді. Қулыкөл елді мекенінің шеткі көшелерінен орталыққа қоныс аударған 226 тұрғын да оралды. Есіл өзені бойында орналасқан Сергеев су қоймасының жобалық сыйымдылығы 693 миллион текше метрге шақталса, күн өткен сайын су деңгейі көтеріліп келеді. Бүгінде оның мөлшері 142 сантиметрге жетті. Өзен қойнауларындағы су көлемінің де молая түскені байқалады. Гидобекеттердің мәліметтеріне қарағанда, Покровка, Новоникольское елді мекендері мен Петропавл қаласы маңында орасан су мөлшері жиналған. Айтып келмес апат басталғаннан бері облыс бойынша тұрғын үйлерді су шаюдың 106 фактісі тіркелген. Дер кезінде қолданылған шаралардың нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Тасқын суды болдырмау, алдын алу жайы әкімдікте бірнеше рет қаралып, аймақ басшысы Самат Ескендіровтің ерекше бақылауында тұр. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.