• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Мерекелі жылдың мерейін асырсақ

530 рет
көрсетілді

Мерекелі жылдың мерейін асырсақ – дейді «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының директоры Біржан СӨКТАЙ

Биыл Ақмола өңірі үшін мерейлі мерекелерге толы жыл болмақ. Атап айтсақ, облыстың құрылғанына 85, Көкшетау қаласына 190 жыл толып отыр. Сондай-ақ, осыдан тура 60 жыл бұрын дәл осы аймаққа тың игерушілердің алғашқы легі аяқ басқан-ды. Жұртшылық өзіндік ізі бар оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Жергілікті БАҚ беттерінде өңірдің өткені мен бүгінін бейнелейтін көптеген мақалалар жарық көріп, өлке тарихынан хабардар етуде. «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиа­лы журналистерінің бұл бағыттағы ұмтылыстары да көпшілік көңілінен шығуда десек жарасады. «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының құрылғанына биыл 15 жыл толуы жауапкершілікті еселей түскендей. Осыған орай, біз телеарна директоры Біржан СӨКТАЙДЫ әңгімеге тартуды жөн көрдік. – Біржан Сартбекұлы, телеарна тарихы туралы тарқатып айтып берсеңіз. – Көкше жерінде телевизия саласын құру жұмыстары өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қолға алыныпты. Бастапқыда 2-3 минуттық жаңалықтар Бұқпа тауының басындағы студиядан таратылатын болған. Ара-тұра концерттер беріліп тұрыпты. Алайда, бұл шаруа ұзаққа созылмай, 2-3 жыл өткен соң тірлік тоқтап қалған. Одан кейін Көкшетаудың өз телеарнасы еліміз тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы жұмысын бас­тады. Ол сол уақыттағы телерадио­комитеттің негізінде құрылды. Басшылыққа сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарып келген Кәрібай Мұсырманов таңдалды. Міне, содан бастап Көкше жұрты көк жәшіктен аймақтың тыныс-тіршілігімен кеңінен таныса бас­тады. Телеарна ғима­раты қазіргі қала әкімдігінде ор­наласқан-ды. Техникалық жарақ­тандырылуы жақсы, мықты мамандар еңбек етті. Ал 1999 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы болып ауыстырылған соң, жергілікті телеарна «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы құрамына кірді. Алғашында, әрине, қиын болды, дегенмен, бірте-бірте телеарна өзінің тұрақты көрерменін жинай бастады. Сол жылдары ұйымдастырылған «Шабыт» фестивалінің гран-при бәйгесін «Қазақстан-Көкшетау» ұжымы жеңіп алды. Ал 2006 жылы барлық аудан­дарға арнайы толқын таратқыш құрылғылар қойылды. Бұрын телеарна эфирін тек облыс орта­лығы мен оған іргелес елді мекендер ғана көретін болса, бұл жаңашылдықтың арқасында хабар бүкіл аймаққа таратыла бастады. Электрондық ақпараттардың мазмұны артып, журналистік өнімнің сапасы жақсарды. Ақ­молалық телевизияның Көкше­тауға қатысты қысқаша баяны осы. – Қазіргі телеарнаның әле­уе­ті қандай? Техникалық жа­рақ­тандырылуы, материалдық базасы, эфирге берілетін материалдар сапасы жайлы не айтасыз? – Заман ағымынан кеш қалмау біздің жұмысымыздың басты қағидаты. Көрерменге қажетті ақпаратты жедел ұсыну үшін қазіргі озық техника мен технологияларды пайдалану уақыт талабы. Тек, әзірге біздің қолы­мызда бар құрал-жабдықтың жағдайы көңілден шықпай отыр. Бейне камералардың басым бөлігі ескі, жұмыс барысында пайдаланатын компьютерлеріміз де ауыстыруды қажет етеді. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ бас­­қарма төрайымы Нұржан Мұ­хамед­жанованың филиал жұмысымен танысуға арнайы келген кезде көңілін аударғанбыз. Басшылық қолдан келер көмекті аямауға уәде етті. Бұл мәселенің шешілуі, әрине, бі­рінші кезекте қазір жасап жатқан дүниеміздің сапасын одан сайын арттыруға мүмкіндік беретін еді. Дәл қазір біздің эфиріміздегі «Ел межесі 2050», «Арнайы репортаж», «Press room», «Қалай болмақ?» және басқа да хабарлар көрермендер тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр. «Блог Пост», «Торжественный случай», «Танымал», балаларға арналған «Қайырлы түн, балақай» хабарлары да өз аудиториясын тапқан бағдарламалар. «Көкше тынысы» жаңалықтар қызметі жөнінде әңгіме мүл­дем бөлек. Бұл хабар біздің тірлігіміздің айнасы деуге болады. Мемлекеттік саясат, халықтың мұң-мұқтажы жайындағы өткір материалдар, журналистік зерт­теулер, оқиғалар, жалпы, өңірдегі соң­ғы жаңалықтар жайында көрермен бірінші бізден біледі. Сондай-ақ, кө­кейкесті мәселелерге арналған «Ақи­қат алаңы», «Точка зрения» сынды тікелей эфирлеріміз барысындағы тұр­ғындар тарапынан келетін телефон қоңырауларының көптігі біз дұрыс бағытта келе жатқанымызды айқындай түсті. Және биылдан бастап біз аймақтардың арасында алғаш болып ресми сайтымызды аштық. Эфирімізден өткен барлық жаңалық сол сайтқа салынады. Соның арқасында, қазіргі аймақ тынысы жайында біз дайындаған материалдарды еліміздің кез келген жерінен ғаламтор желісі арқылы көруге болады. Бұл да болса біздің уақыт талабымен бірге қадам басып келе жатқанымыздың бір көрінісі. – Телеарна журналистерінің білімі мен білігі қандай, кадр мәсе­лесі мен жас журналистерді тәрбие­леу жайында не айтар едіңіз? – Телевизия саласының әр өнімі – ұжымдық жұмыстың жемісі. Ал, біз өз ұжымымызбен мақтана аламыз. Арна қызметкерлері көп жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі журналистермен қатар, телевизия әлеміне жаңа қадам басқан жастардан тұрады. Ғ.Әшкенова, Ж.Жанайдаров, Қ.Мұхаметжанов, С.Әлмұсаев секілді алдыңғы буын журналистердің соңынан Е.Елбергенов, Д.Берікұлы, Н.Қа­жымұратов, С.Жүсіпова, С.Ыдырысова және тағы басқа да талапты толқын өсіп келеді. Бір қиыны, қазақ тілді журналистер тапшы. Бұл аймақтағы ЖОО-да журналистерді даярлайтын факультеттің жоқтығынан болып отыр. Жастардың барлығы Астанаға, болмаса Алматыға барып оқи алмайды ғой. Сондықтан, амал жоқ, ана тілін бала кезден бойына сіңіре өскен қыз-жігіттерді үйретіп, жұмыс істетіп жатырмыз. Ал жалпы алғанда, біздегі жастардың қарқыны жақсы. Кез келген тақырыпқа жаза алатындар баршылық. Қанатын бізде қатайтқан жастардың біршамасы республикалық арналарда жұмыс істеп жүр. – Бірінші басшы болған соң, шығармашылықпен қатар, шаруа­шылық жұмыстарды да ше­шу қа­жеттігі туындай­ды. Осыған орай, соңғы уақытта не істелінді? Келе­шекке жоспар­ларыңыз қандай? – Соңғы бір жылда телеарна танымастай болып өзгермесе де, ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар қолға алынды. Қазіргі біз отырған ғимарат ескі, сонау 50-жылдары тұрғызылған екі қабатты кеңсе. Жұмыс жемісті болу үшін ұжымға қолайлы жағдай жасау керектігін ескеріп, жөндеу жүргіздік. Соның арқасында жұмыс орнымыздың шырайы кіріп қалды. Жуық арада құрылыс бастап, үш қабатты қосымша ғимарат тұрғызсақ деген жоспар бар. Оның ішінде, жаңа студиялар, дыбыс жазатын, материалдарды көркемдеп, монтаждайтын бөлмелер орналасады. Толықтай заманауи құрал-жабдықпен жарақтандыратын боламыз. Бұл ретте облыстық әкімдіктің тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды бөлектеп айтқым келеді. Аймақ басшысы Қосман Айтмұхаметов біздің бұл ойымызды құптап, бар көмегін беретінін жеткізді. Бұйырса, осы іс бітсе, телеарна өз тарихында тағы бір сатыға көтеріледі деп білеміз. Бұл көрермен назарына ұсынылып жатқан дүниелерімізді одан да сапалы әрі көңілден шығарлық етіп жасауға сеп болатыны сөзсіз. Ал жалпы, жос­пар көп. Ойда жүргенді рет-ретімен орындауға ұжымымыздың күш-жігері жетеді деп білемін. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ.
Соңғы жаңалықтар