• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕСТІ ҰЛҒАЙТУ – ДАМУ КЕПІЛІ

590 рет
көрсетілді

Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар вице-министрі Берік Камалиев екі күндік іссапармен Ақтөбе облысында болып қайтты. Сапардың алғашқы күні ол жы­лына 30 млн. кірпіш шығаратын “Ситал-2” ЖШС-інің кірпіш зауытында болды. Зауыт дирек­то­ры Анарбек Есетовтің баян­дау­ын­ша, қазіргі таңға құрылыс-монтаж жұмыстарының 97 пайызы жүзеге асырылыпты. Жоба іске қосыл­ғанда 200 жұмыс орны ашылатын көрінеді. Содан кейін вице-министр “Ақтөбе-Орталық” көлік-логистикалық орталығын облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге аралап көрді. Бұл – Батыс Қа­зақстанда жүзеге асырылып жатқан бірден бір ірі жоба. Ол “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізіне көлік-логистикалық қызметін көрсетеді. Қазір жобаға салынған қаржының 65,5 пайызы игерілген. Астаналық қонақ бұдан басқа “Ақтөберентген”акционерлік қо­ғамы, Бестамақ мал шаруашы­лы­ғы кешені, АЙС” ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасы, “Восход-Ориел” ЖШС сияқты бірқатар кәсіпорындарда болды. Ол екінші күні “Қазка” Қа­зақстан кәсіпкерлері ассоциа­ция­сы ұйымдастырған “Қазақстандық үлес: шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің міндеттері мен мүм­кіндіктері” атты бизнес-фо­румға қатысты. Бизнес-форумның Ақтөбе қаласында өтуінің де реті бар. Облыста жүзеге асырылып жат­қан жалпы құны 305,5 млрд. теңге болатын сегіз жоба Қа­зақ­станды индустрияландырудың республикалық картасына енгі­зіл­ген. Биыл инвестиция құны 113,5 млрд. теңге құрайтын жиырма төрт жоба пайдалануға берілмекші. Соның он бірі үстіміздегі жылғы 1 шілдеге дейін іске қосылады. Облыста қазақстандық үлесті ұл­ғайтудың, отандық тауар өндіру­шілерді қол­даудың мүмкіндіктері де мол. Сон­дықтан да бұл шараға екі жүзден астам шағын және орта бизнес және көптеген ірі ұлттық компаниялар, қазақстандық және шетелдік кә­сіпорындар өкілдері шақырылыпты. Бизнес-форумға қаты­су­шы­лар­ды Қазақстан кәсіпкерлері ассо­циациясының басқарма төрағасы Жұмабек Жанықұлов құттықтап, сөз сөйледі. Ол қазақстандық үлес­тің дамуында үкіметтік ұйым­дармен қатар кәсіпкерлер бір­лес­ті­гінің рөлі ерекше екенін атап өтті. – Әлеуметтік-әкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін отан­дық тауар өндірушілерге қолдау көрсетудің маңызы артып отыр. Бүгінгі бизнес-форумды ұйым­дас­тырудағы мақсат – шағын және орта бизнес өкілдерін қазақстан­дық үлесті дамытудың жоспар­ла­рын жүзеге асыруға және отандық тауар өндірушілерді бірігіп қызмет етуге тарта отырып,қазақстандық үлесті ұлғайтуға бағытталған ша­ра­лардан хабардар ету. Форумға қатысушыларға ұлттық компания­лар мен жер асты қазба бай­лық­та­рын өндіруші кәсіпорындардың 2010 жылғы қазақстандық тауар өндірушілердің жұмыс және қыз­мет түрлерін тарту жоспарларымен таныстыруға мүмкіндік туғызы­ла­ды. Сондай-ақ, ұлттық компания­лар мен жер асты байлықтарын өндіруші кәсіпорындардың тауар сатып алуда, қызметтер мен жұ­мыс түрлерін ұсынуда шағын және орта бизнес өкілдерімен екі жақты келісім жасау алаңы ұйымдас­ты­рылады, – дей келіп, ол өз сөзінде қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін қалып­тас­тыру және сапасын жақсарту үшін отандық тауар өндірушілердің белсенділігін арттыруға мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр­ғанына назар аударды. Қазақ­стан­дық үлесті дамыту бағдарламасына үлкен үміт артылып отырғанын жеткізді. Бизнес-форумда сөз алған Ин­дустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев қазақстандық үлесті ұлғайтуға ба­ғытталған Үкімет деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар мен шағын және орта кәсіпкерлердің міндеттері мен мүмкіндіктері жайында кеңінен баяндады. – Қазір еліміз импорт алмас­ты­ру және ішкі рынокты тауар­лар­­­мен, жұмыстармен, қызмет­тер­мен дамыту саясатын ұстануда. Мем­лекеттік органдар ғана емес, ұлттық компаниялар мен жер асты қазба байлықтарын пайда­ла­нушы кәсіпорындар өзара қоян-қолтық жұмыс істей отырып, қа­зақ­стандық үлесті ұлғайтуы тиіс. Өткен жылы Елбасы “Қазақ­стан­дық үлесті дамыту туралы” заңға қол қойды. Мен бұл заңның не­гізгі бағыттарына тоқталғым келіп тұр. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуға әкімшілік жауапкер­ші­ліктің енгізілуі. Екіншіден, отандық жеткізушілермен тауар­лар, жұмыстар мен қызметтер үшін жасалатын келісім-ша­рт­тар­ға алдын-ала және толық көлемде төлем жасалуы керек. Мерзімі 30 күннен аспауы қажет.Келесі мә­селе – жер асты қазба бай­лық­та­рын пайдаланушылардың мін­деттемесіне қатысты. Тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік са­тып алу тендерлерін тек Қа­зақстан аумағында өткізу талап етіледі, – деді вице-министр. Ол сондай-ақ, кейбір ірі жер асты қазба байлықтарын пайда­ланушылардың бұлай етпейтінін сынады. Оның мәлімдеуінше, отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Қазақстандық жеткізушілер ұсынатын тауарлар мен қызметтер тізімі бар интер­нет-портал ашылған, оның опе­ра­торы Қазақстан келісім-шарт агенттігі болып табылады. Ин­дус­трия және жаңа технологиялар министрлігі жанында қазақстан­дық үлес мәселелері бойынша са­раптама кеңесі жұмыс істейді. Сараптама кеңесінде қазақ­стан­дық үлесті дамытуға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға байланыс­ты өзекті мәселелер шешімін таба­ды, шұғыл шаралар алынады. Қа­зақ­стандық тауарлар, қызметтер және жұмыс көлемі үшін өткізіле­тін тендерлердің заң талаптарына сай өткізілуін әңгіме өзегіне айналдырды. Тендерге қатысушы­лар жергілікті тауарлар мен қыз­мет­терді пайдалану мүм­кіндігі бой­ынша ынталандыры­ла­тын болады. Экономиканың көп­теген салала­рын­да тауарларды, қыз­меттерді, жұ­мыстарды ұсына­тын қазақстан­дық компаниялар мен кәсіпорын­дарға басымдылық беріледі . Индустрияландыру бағ­дар­ла­масы аясында отандық өндіріс­ші­лерді кешенді қолдау бағдарла­ма­лары жасалуда екен. Бұған “Инвестор-2020”, “Өнімділік-2020” “Экспорт-2020” және “Биз­нес­тің жол картасы-2020” бағдар­ламаларын мысалға келтірді. Содан кейін “Бизнестің жол кар­тасы” бағдарламасына айрықша тоқталды. Бұл бағдарлама бой­ын­ша биыл 30 млрд.теңге қаржы бөлінгенін, оның толықтай ай­мақ­тарға жолданғанын жеткізді. Осы қаржының отандық тауар өндірушілерді қолдауға жұмса­ла­тынын қадап айтты. Импорттық қондырғылар, қосалқы бөлшектер мен жасақтаушы бөліктер кеден­дік салықтан босатылады. Ин­вестиция туралы заңға сәйкес мемлекеттік гранттар берілетін болады. Ол жиналғандарды ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бұдан басқа да бірқатар жеңілдіктерден ха­бар­дар етті. Бүгінгі таңда күн тәртібіне қойылып отырған бұл мәселенің ел экономикасы дамуының тездеткіші болатынына көңіл аударды. Бизнес-форумда шығып сөй­ле­ген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Александр Дубовен­ко, “Қазақстандық келісім-шарт агенттігі” АҚ басқарма төраға­сы­ның орынбасары Құрманғазы Нұғыманов және басқалар қа­зақ­стандық үлесті ұлғайту, орта және шағын бизнесті дамыту мәселеле­рі бойынша өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ұлттық және жер асты қазба байлықтарын өн­діруші компаниялар мен орта және шағын кәсіпкерлік өкіл­де­рінің екі жақты өзара кездесулері ұйымдастырылып, меморандум­дар­ға қол қойылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.