Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Референдум: азаматтардың конституциялық құқықтары» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шараның модераторы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов жалпыұлттық референдумның маңызына тоқтала келе, институт жүргізген сауалдаманың нәтижесімен бөлісті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 14 облыстан 1200 респондент қатысқан.
«Әлеуметтік сауалдаманың деректеріне сәйкес референдумға бүкіл халықтың 66,4 пайызы қатысуға ниетті. Естеріңізге сала кетейік, заңнамаға сәйкес сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан кезде референдум өткізілген болып есептеледі. Жалпы, қазақстандықтардың 70 пайызы алдағы жалпыұлттық референдум туралы естіген.
ҚСЗИ зерттеулерінің нәтижелері көрсеткендей, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақстандықтардың 76,4 пайызы қолдайды. Яғни қазақстандықтардың басым бөлігі болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Ал 15,4 пайызы референдум идеясын қолдамайды. Таңдау туралы шешім қабылдамағандар 8,2 пайызды құрайды.
Соңғы көрсеткіш нәтижеге әсер етпесе де, әрбір 10-шы қазақстандық әлі шешім қабылдамаған дегенді білдіреді. Сондықтан сарапшы ретіндегі міндетіміз – реформалардың мәні мен маңызын, Жаңа Қазақстанды, жаңа құқықтық мемлекетті құруда референдум өткізудің қажеттігін одан әрі нақты, айқын түсіндіру», деді Е.Тұқымов.
Бұдан кейін сөз алған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қоғамның пікірі ескерілуге тиіс екенін атап өтті. Осы орайда спикер бірлігімізді сақтап, ел үшін пікір білдірудің маңызын жеткізді.
«Жалпы, қоғамда қолдау бар. Оны іс жүзінде бекіту үшін референдумға қатысайық. Сайлау өткізіп, бір кандидатқа дауыс беру бөлек мәселе. Жалғыздың үні шықпас. Ал мүмкіндіктерімізді кеңейтетін өзгерістерге дауыс беру – бөлек нәрсе. Сондықтан бәріңізді республикалық референдумға қатысуға шақырамын. Конституциялық түзетулердің әсері орасан», деді Э.Әзімова.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, ҚазМЗУ профессоры Индира Әубәкірова Қазақстан саяси ландшафт өзгеретін тарихи кезеңде тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция үш нақты мақсатқа бағытталған. Олар: құқық үстемдігі, демократиялық процестерді және биліктің бөлінуін, тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін күшейту.
Құқықтанушы Конституция қоғамдық қатынастарға нақты әсер ететін құжат рөлін атқаруы керек екенін жеткізді. Кез келген қоғамда әділет тапшылығы әрдайым қиын қабылданады, экономикалық теңсіздіктен де артық. Сондықтан екінші республикада қоғам өмірі мен мемлекеттің функциялары әділет, тең мүмкіндіктер негізінде айқындалуы қажет.
«Егер адам құқықтарын қамтамасыз етуде кепілдіктер алғыңыз келсе, референдумға барыңыз, Конституцияға өзгерістер енгізу үшін дауыс беріңіз. Егер Қазақстанның барлығымыз үшін тең мүмкіндіктер еліне айналғанын қаласаңыз, референдумға барыңыз. Егер өзіңіздің және мемлекет өміріндегі, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынаста оң өзгерістердің болғанын қаласаңыз, референдумға барып, Конституцияға түзетулер енгізу үшін дауыс беріңіз. Егер саяси бәсекелестіктің болғанын қаласаңыз, референдумға барыңыз. Егер Қазақстанның әділет аумағына айналғанын қаласаңыз, референдумға барып, жаңартылған Конституция үшін дауыс беріңіз», деді И.Әубәкірова.